Жаңалықтар
Блогер Әлішер Елікбаевтың салықшыларды сотта жеңгені рас па?

Фото: инстаграм
Мемлекеттік кірістер комитеті сотта комитеттің блогер Әлішер Елікбаевтан жеңілгені жайлы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды qandastar.kz
Осы жылдың ақпан айында әлеуметтік желіде көптеген блогерлердің салықты төлемегені туралы ақпарат тарады. Олардың арасында Елікбаев та бар еді.
Orda.kz жазғандай, блогер мәселені сот арқылы шешуді жөн көргенін айтып әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Ол ешқашан салық заңнамасын бұзбағанын айтты. Оның сөзінше, өзіне аударылған қайырымдылық ақшаларының бәрі тиісті орнына жұмсалған.
Яғни, оның шотындағы үлкен аударымдардың бір бөлігі қайырымдылыққа — балалар хоспистеріне арналған реанимобильдерге, бүйрек трансплантациясы бойынша оталарға, Украинаға жабдықтар сатып алуға жұмсалған. Осылайша ол бұл қаражаттың барлығы тікелей қорларға, емханаларға жіберілгенін мәлімдеді.
Осы жазбасын негізге алған тілшілер жаңалықтар жаза бастады. Ақыры әлеуметтік желіде сот мемлекеттік кірістер комитетінің әрекетін заңсыз деп тапқаны және блогердің сотта жеңгені туралы ақпарат тарады.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұл жайлы былай деді:
«Әлеуметтік желілерде блогер Әлішер Елікбаевтың мемлекеттік кірістер органдарын сотта жеңіп шыққаны жөнінде ақпарат таратылуда. Бұл шындыққа сәйкес келмейді.
Сот оның талабын мәні бойынша қараған жоқ және мемлекеттік кірістер органдарының әрекеттерін заңсыз деп таныған жоқ.
2025 жылғы 15 тамыздағы жағдай бойынша, мемлекеттік кірістер органдарының әрекеттерін заңсыз деп тану туралы немесе өзге де сот шешімдері мен жолданған хабарламалар жоқ.
Мемлекеттік кірістер органдарының әрекеттерін заңсыз деп тану жөнінде таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
БАҚ өкілдерінен тексерілмеген деректерді жариялаудан бас тартуды сұраймыз», — деп мәлімдеді мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бүгін, 15 тамыз күні Тоқаев заңға ұстаздардың құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды.