Көші-қон заңнамасы
Сапарлаушы ел азаматтарының мәліметтері құқыққорғау органдарына жолданып отыратын болады

Фото: Dalanews.kz
2025 жылдың 31 тамызынан бастап тасымалдаушылар ұшақтарға, пойыздарға және теңіз көлігіне сатып алынған және брондалған билеттер туралы мәліметтерді құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға жолдап отыратын болады, деп жазды qandastar.kz
Осы сипаттағы бұйрыққа Көлік министрінің міндетін атқарушы Мақсат Қалиақпаров қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа ережелерге сәйкес, тасымалдаушылар мемлекеттік органдарға жолаушылар туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті.
Ұсынылатын мәліметтер тізбесіне мыналар кіреді: тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, жынысы, азаматтығы, куәландырушы құжаттың деректері, жүру бағыты, багаж туралы мәліметтер, төлем нысаны, орын нөмірі, сондай-ақ жолаушы келісімімен оның байланыс деректері.
Билеттерді сату кезінде жолаушылардың дербес деректерін жинауға және өңдеуге міндетті түрде келісімі алынады. Мәліметтерді беру құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың ақпараттық алмасу жүйесі не олардың базаларымен тікелей ықпалдасу арқылы жүзеге асырылады. Барлық уақыт параметрлері Астана уақыты бойынша белгіленеді. Техникалық ақаулар болған жағдайда, ақпарат алмасуға қатысушылар мәселені жедел жоюға міндетті.
Әуе тасымалы. Ақпарат екі рет беріледі: ұшудан 48 сағат бұрын және тіркеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде. Бұл міндет Қазақстанға және елімізден рейстер орындайтын шетелдік авиакомпанияларды қоса алғанда, барлық әуе компанияларына жүкетеледі. Оған дербес деректер, билет, маршрут, салондағы орын, багаж және төлем туралы мәліметтер кіреді.
Теміржол тасымалы. Жолаушылар туралы деректер «Экспресс» АБЖ жүйесі арқылы келіп түседі және құжат, маршрут, орын, сондай-ақ сатып алынған және брондалған билеттер туралы ақпаратты қамтиды. Ақпаратты ұсыну күніне бес рет жүзеге асырылады.
Теңіз тасымалы. Тасымалдаушылар, шетелдіктерді қоса алғанда, Қазақстанға теңіз көлігімен келетін жолаушылар туралы деректерді ұсынуға міндетті. Мәліметтер уәкілетті органдарға тәулігіне төрт рет ұсынылады: кемелердің келу және кету кестесіне байланысты беріледі. Деректер билетті теңіз вокзалының кассасынан сатып алғанда немесе билет онлайн сатылған кезде тіркеледі.
Бұйрық 2025 жылдың 31 тамызында күшіне енеді.