
Фото: видеодан скрин
Жамбыл облысының тұрғыны Бауыржан Алдыбергенов әлеуметтік желідегі үндеуінде жергілікті сот және құқық қорғау органдарын жүйелі заң бұзушылық пен сыбайлас жемқорлықта айыптады. Ол өңірдегі жағдайдың ушыққаны сонша, соттың монша ғимаратында орналасқанын, ал тергеушінің заттай айғақты ломбардқа өткізіп жібергенін мәлімдеп, Жоғарғы сот пен Бас прокуратурадан арнайы комиссия жіберуді талап етті, деп жазады qandastar.kz
Оның айтуынша, тергеуші істегі негізгі заттай айғақты ломбардқа өткізіп жіберген, бірақ бұл әрекеті үшін ешкім жауапқа тартылмаған.
Алдыбергенов өңірдегі заңсыздықтардың негізгі себебін тамыр-таныстық деп көреді.
«Жамбыл облысында түсініксіз жағдайлар болып жатыр. Мұнда бәрі туыс: тергеуші де, прокурор да, судья да бір-біріне туысқан. Мұндай жағдайда ешқашан әділ тергеу мен сот болмайды», – деп санайды Алдыбергенов.
politico.kz хабарлағандай, осы мәселелерді шешу үшін ол Астанадан арнайы тексеру комиссиясын жіберуді талап етеді.
«Біз Жоғарғы соттан және Бас прокуратурадан комиссия келуін талап етеміз. Жамбыл облысындағы бассыздықты тоқтату керек. Сондықтан халық шағымданып отыр, Астанадан Жамбыл облысына тексеру жіберуіңізді сұраймыз әрі талап етеміз», – деп түйіндеді ол сөзін.



