Жаңалықтар

Documentolog құжат алмасуға әдейі кедергі келтіріп, заң талаптарын бұзған

Фото: www.istockphoto.com

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) электронды  құжат айналымы жүйелерін ұсыну қызметтері нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізді. Талдау жүргізуге электронды  құжат айналымы бағдарламалық қамтамасыз етушісі болып саналатын  Documentolog  ЖШС-ның іс-әрекеттеріне қатысты Агенттікке келіп түскен шағымдар негіз болды,  деп хабарлайды qandastar.kz

Талдау нәтижелері бойынша,  Documentolog  ЖШС  Documentolog  жүйесінің пайдаланушылары мен  Work Space,  Meta Doc,  Somnium  сияқты өзге жүйелердің пайдаланушылары арасындағы хат алмасуға кедергі келтіргені анықталды. Электронды  құжаттарды қабылдамауға жол бермеу жөніндегі талапқа (Қазақстан Республикасының «Электронды  құжат және электронды  цифрлық қолтаңба туралы» Заңының 24-бабы) қарамастан, Серіктестік үш жыл бойы хат-хабар алмасуды бұғаттап келген. Бұдан бөлек, ол хат-хабарды тек өзінің шлюзі («Қазақстандық электронды деректер алмасу орталығы») арқылы ақылы негізде қабылдауды қарастырған.

aikyn.kz жазғандай, жүргізілген талдау қорытындысы бойынша,  Documentolog  ЖШС 2021-2024 жылдар аралығында нарықтағы үстемдік жағдайды иеленген субъект деп танылды. Агенттік тарапынан компанияға үстем жағдайды теріс пайдаланудың белгілері туралы хабарлама жолданғанымен, бизнес-субъект аталған құжатты мойындаған жоқ. Осыған байланысты 2025 жылғы сәуір айында БҚДА-ның Астана қаласы бойынша департаменті тергеу бастаған болатын.

 Тергеуді тоқтату туралы талап-арызбен Серіктестік (Астана қаласының арнайы ауданаралық әкімшілік) сотқа жүгінді. Алайда сот бірінші инстанцияда істі қарау нәтижесінде Серіктестің талаптарын қанағаттандырудан бас тартты. Сондай-ақ цифрландыру саласындағы уәкілетті орган (Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі) тарапынан да шаралар қабылданып, Серіктестікке бұзушылықты жою туралы акт енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, қазіргі уақытта Серіктестік құжаттарды жеткізбеу тәжірибесін тоқтатты, ал  Documentolog  жүйесіне хат-хабар аталған шлюз арқылы кедергісіз қабылдануда,  делінген ресми ақпаратта.

Биыл Серіктестік  Documentolog  бағдарламалық қамтамасыз етуге берілген лицензияларды Министрліктің балансына өткізді, алайда зияткерлік меншік объектілеріне, соның ішінде бастапқы кодқа айрықша құқықтарды өзінде қалдырды.

Нарық қатысушылары берілген лицензиялар Серіктестіктің осы нарықтағы үстем жағдайын сақтап қалатынын және өзге электронды  құжат айналымы жүйелерін жеткізуге кедергі жасайтынын айтып алаңдаушылық білдіруде.

 Бұдан бөлек,  Documentolog  бағдарламалық қамтамасыз етуді күтіп-ұстауға болашақта шығындар қажет болғандықтан, мемлекет жыл сайын техникалық қызмет көрсетуді (жаңарту, бағдарламаны жетілдіру, техникалық қолдау бойынша Call-орталық жұмысы және т.б.) дәл осы құқық иеленушіден – жоғарыда аталған ЖШС-нан сатып алуға мәжбүр болады.Жүргізілген талдау мен тергеу нәтижелері бойынша БҚДА тиісті ұсынымдар әзірлеп, оларды шешім қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдайды. Агенттік тарапынан бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады,  деп мәлімдеді БҚДА.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close