Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар
Илон Маск Apple және OpenAI компанияларын сотқа беріп, миллиардтаған доллар талап етті

Илон Маск AI саласындағы бәсекелестікке кедергі келтіргені үшін Apple Inc. және OpenAI компанияларын сотқа берді, деп хабарлайды Qandastar.kz Bloomberg басылымына сілтеме жасап.
Кәсіпкердің X және xAI компаниялары өтемақы ретінде миллиардтаған доллар талап етіп отыр.
«Apple-дің әрекеті жасанды интеллектің (AI) дамуына және суперқосымшалардың пайда болуына кедергі жасап отыр. Бұл жағдай OpenAI-ға монополияны сақтауға мүмкіндік береді. Ал басқа компаниялардың жаңа жобалары мен инвестицияларын тежейді. Мұндай чат-боттар болашақта iPhone-ның негізгі функцияларын да алмастыра алатын өнімге айналар еді», – делінген талап арызда.
Маск ақшалай өтемақыдан (нақты сомасы көрсетілмеген) бөлек, Apple мен OpenAI-дың мұндай ынтымақтастығына тыйым салуды талап етті. Айфон өндіруші компания OpenAI-мен ChatGPT-ді Apple Intelligence жүйесіне iOS 18 арқылы біріктіру жөніндегі келісімін былтыр жариялаған еді. OpenAI өкілдері мұны «Маск тарапынан жүргізіліп келе жатқан қудалау әрекетінің жалғасы» деп атады.
Маск ұзақ уақыттан бері компания басшысы Сэм Альтманмен жанжалдасып келеді. Екеуі де 2015 жылы OpenAI-дың негізін қалаушылардың қатарында болды. Алайда келіспеушіліктерге байланысты Маск үш жылдан кейін директорлар кеңесінен шықты.
11 тамызда Маск Twitter-де Apple-ді «антимонополиялық заңнаманы бұзды» деп айыптап, компания «OpenAI-дан басқа ешбір жасанды интеллект фирмасына App Store-да бірінші орынға шығуға мүмкіндік бермейді» деп жазды.
Ал Альтман оған жауап ретінде Маск «X платформасын өзінің және компанияларының мүддесі үшін пайдаланып, өзіне жақпайтын бәсекелестеріне және адамдарға зиян келтіріп отыр» деген пікір білдірді.