Тарихи сәттен кейін «Қайрат» пен «Селтик» жаттықтырушылары сұхбат берді. Алдымен «Селтик» бапкері Брендан Роджерс БАҚ өкілдеріне өз жауабын берді, деп жазды qandastar.kz
Брендан Роджерс өз ойыншыларының ойынына көңілі толмағанын жасырмады.
«Алаңдағы шөптің биіктігі төмен болды, яғни алаң жұқалау болды деуге болады және менің де ойыншыларымның ойыны нашар болды. Менің өз командамның ойынына көңілім толмады», – деді Брендан Роджерс.
Кейін БАҚ өкілдеріне Рафаэль Уразабахтин келген кезде барлық тілшілер орнынан тұрып, қол шапалақтап, қолдау білдірді.
Чемпиондар лигасы, Қазақстанға келетін топ клубтар және Ұлттық құраманы баптау
«Басты мақсатымыз – премьер-лигадағы кубокты жеңіп, еурокубокқа жолдама алу болатын. Біз Чемпиондар лигасының топтық кезеңінен шығамыз деп те ойламадық. Іріктеу кезеңінде қалып кетеміз деп ойладық. Әзірге нақты мақсат қоймадық», – деді Уразбахтин.
Orda.kz хабарлағандай, БАҚ өкілдері Уразбахтиннен Чемпиондар лигасында қандай мықты клубтармен ойнағысы келгенін сұрады.
«Ол туралы ойланған да жоқпын, бірақ жігіттерге егер ЧЛ-ға шықсақ, онда жеребе кезінде қай клубтармен түсіп қалатынымызды көрсеттім. Әрине, кілең мықты клубтар болды. Тіпті киім ауыстыратын бөлмеге олардың суреттерін шығарып іліп қойдық».
Өз сөзінде Уразбахтин «Селтиктің» алаңындай алаң Қазақстанда да болса жақсы болатынын айтты. Осы ойыннан кейін Рафаэль Уразбахтинді Ұлттық құраманың жаттықтырушысы ретінде алу керек деген ой әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен болатын.
«Мен ондайды естіген жоқпын. Маған әзірге ұлттық құрамаға бас бапкері болуға ерте. Мен мұнда әлі алғашқы қадамдарымды жасап келе жатырмын».
«Селтик» жанкүйерлерінің пікірі
Goal.kz-тегі әріптестеріміздің мәліметінше, «Селтик» жанкүйерлері командаларының ойындарына разы емес. Біреуі жеңілістің себебі команданың нашар ойынында десе, біреуі «Қайрат» секілді командадан ұтылу «Селтик» үшін ұят деп есептеді.
«Жарайсыңдар. Бірақ «Қайратқа» топтық кезеңде бір ұпай алу үшін бүкіл әлемнің сәттілігі қажет болады. Шынын айтсам, сендер тарихтағы ең әлсіз «Селтикті» әзер жеңдіңдер».
Кей жанкүйерлер Қазақстанды Боратпен ұштастыратынын да жасырмады.
«Бораттан және оның малшыларынан ұтылдық… Айтар сөзім жоқ», – деді «Селтик» жанкүйерлерінің бірі.
Сондай-ақ Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Қайрат» соңғы орында болатынын айтты.
«Қайрат топтық кезең кестесінде соңғы орында болады. «Қайрат» мықты болды дейсіңдер ме? Өтінемін, өздеріңді алдамаңдар. Біз жай ғана өте нашар ойнадық».
Ал кей жанкүйерлер «Қайратқа» Чемпиондар лигасына сәттілік тілеп, олардың жеңіске лайық болғанын да атап өтті.
«Жарайсыңдар, Алматы! Жеңіске лайық болдыңдар. Екі матчта да бізден гөрі жақсы ойнадыңдар».
«Бүгін «Қайрат» Қазақстанның «Борат» емес екенін, футбол, мінез және ойынға деген құрметі бар екенін дәлелдеді. Сондықтан стереотиптердің орнына қарсыласқа құрмет көрсетіңдер, ол мықтырақ болып шықты».
Айта кетейік, УЕФА рейтингінде «Қайрат» жеңістен кейін 203-ші орыннан бірден 156-шы орынға көтеріліп, қостанайлық «Тобылды» артта қалдырды.
«Қайрат» Чемпиондар лигасында қандай топ клубтармен ойнауы мүмкін?
Чемпиондар лигасына өткен «Қайратпен» кез келген мықты клубтар ойнап қалуы ықтимал.
Назарларыңызға «Қайратпен» ойнап қалуы мүмкін деген мықты клубтарды ұсынамыз: ПСЖ (Франция), Реал Мадрид (Испания), Барселона (Испания), Боррусия Дортмунд (Германия), Челси (Англия), Интер (Италия), Ливерпуль (Англия) және Бавария (Германия).
Дереккөздердің мәліметінше, алматылық «Қайрат» жалпы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен 11,6 млрд теңге қаржы тапқан.