Жаңалықтар

Ұлт саулығы – ұлт болашағы: Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде не өзгеріп жатыр?

Фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ұлт денсаулығын нығайту – негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленді. Осыған орай, Қазақстанда денсаулық сақтау саласын кешенді жаңғырту бойынша жүйелі қадамдар қолға алынуда. Басты мақсат – әр азамат үшін сапалы, қолжетімді медициналық қызметті қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту.

Жаңа Заң – жаңа кезең: МӘМС жүйесі қайта құрылды

2025 жылдың 14 шілдесінде міндетті медициналық сақтандыру мәселелері жөніндегі жаңа Заңға қол қойылды. Бұл – саланы жаңғыртудағы елеулі кезеңдердің бірі. Енді медициналық қызмет екі пакетке бөлінеді:

  • Барша азаматтарға арналған базалық мемлекеттік пакет
  • Сақтандырылғандар үшін кеңейтілген сақтандыру пакеті

Сақтандыру мәртебесіне қарамастан, әлеуметтік мәні бар ауруларға (онкология, жүрек-қан тамырлары, инсульт) скринингтер мен тексерулер барлық азаматтарға қолжетімді.

МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері сала қаржыландыруы үш есеге артты. Бұл жоғары технологиялы қызметтерге қолжетімділікті кеңейтіп, еліміздің шалғай аймақтарындағы медициналық инфрақұрылымды күшейтуге мүмкіндік берді.

Мемлекет әлеуметтік осал топтарды қамту үшін жарналарды өңірлік атқарушы органдар арқылы төлеу механизмін енгізуде. Бұл 2026 жылға қарай қосымша 1 миллион адамды қамтуға мүмкіндік береді.

 

 75,4 жас – рекордтық көрсеткіш: Халықтың өмір сүру ұзақтығы артуда

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті – бұл рекорд. Ана өлімі 12%-ға, сәби өлімі 11%-ға төмендеді, жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 93%-ға жетті.

Туа біткен ақауларды ерте анықтауға бағытталған феталды медицина технологиясы енгізілді. 2024 жылы 71 жатырішілік операция жасалып, 96 баланың өмірі құтқарылды.

 Балалар денсаулығына басымдық: Ерте араласу орталықтары мен педиатрия қайта оралды

Елімізде 100-ге жуық Балаларды дамыту және ерте араласу орталығы жұмыс істейді. АМСК ұйымдарында педиатриялық бөлімдер ашылып жатыр. Аутизм диагнозы қойылған балаларға арналған төсек-орын саны 4 есе артты.

«Педиатрия» мамандығы қайта енгізіліп, 14 аса қажетті балалар мамандықтары бойынша резидентура ашылды.

 

Аналар саулығы – ұлттық саясаттың өзегінде

Жүкті әйелдер мен аналарды қолдауға бағытталған бірқатар жаңа бастамаларға да тоұталып өтсек.

  • «Аналар саулығы» бағдарламасы
  • «Салауатты ана» пансионаттары
  • Репродуктивті денсаулықты сақтау шаралары

Бұл бағдарламалар шалғай ауылдардағы әйелдерге алдын ала госпитализациялау арқылы сапалы медициналық көмек алуға жол ашып отыр.

 

 Жаһандық медицинамен иық тірестіретін Қазақстан: Күрделі оталар мен инновациялар

Қазақстан жүрек пен өкпені, бүйректі айқаспалы трансплантациялауға қабілетті әлемдегі санаулы елдердің қатарында.

  • Гамма-пышақ технологиясы – ми ісіктерін емдеуде
  • Протондық терапия – онкологиялық ауруларға қарсы

Бұл заманауи әдістер Қазақстанды медициналық технологияларды енгізуде Орталық Азиядағы көшбасшы елге айналдырып отыр.

Бұған қоса  «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 нысанның 538-і салынып бітті. Бұл нысандарда бұрын мүлде медициналық қызмет болмаған ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар 36 облыстық аурухана мен 17 перинаталдық орталық жаңғыртылып жатыр.

 

Кадр саясаты мен қолдау шаралары: Дәрігер мәртебесі артып келеді

2025 жылы медициналық ЖОО-ны 11 600 түлек бітіреді, олардың үштен екісі өңірлерге жолданады. Ауылға барған аса тапшы мамандарға 8,5 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлем қарастырылған.

Медициналық білімді симуляциялық орталықтар, қашықтан оқыту платформалары арқылы жетілдіру қолға алынған.

 Фармацевтикадағы баға қала құбылмақ?

Отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін 50%-ға жеткізу – 2029 жылға дейінгі мақсат.

  • Дәрілерге шекті баға белгілеу қайта қаралды
  • Дженериктердің құны 30%-ға дейін төмендетілді
  • Референттік баға моделі енгізіліп, 50 млрд теңге үнем көзделіп отыр

 

Цифрлық дәуір: Медициналық қызмет автоматтандырылып жатыр

2024 жылдың тамызынан бастап пациенттерді Face ID және Цифрлық құжат арқылы сәйкестендіру жобасы іске қосылды.

  • 8 танымал анықтама түрі цифрландырылды
  • Жасанды интеллект негізіндегі «дәрігер көмекшісі» іске қосылады
  • Қағазсыз еңбекке жарамсыздық парағы енеді

Мамандардың айтуынша, бұл шаралар медициналық жүйенің ашықтығын арттырып, медицина қызметкерлерінің жүктемесін 40%-ға дейін азайтады.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close