Жаңалықтар
Сарапшы: Бір палаталы Парламент халық пен билік арасындағы жаңа қарым-қатынас форматы болуы мүмкін

Фото: ашық дереккөз
Мемлекеттік басқару саласындағы сарапшы, Назарбаев Университетінің докторанты Сәбина Садиева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан кейін телеграм арнасында пікір білдірді, деп жазды qandastar.kz
Оның айтуынша, елімізде бір палаталы Парламент жүйесіне көшу нақты жүзеге асатын саяси реформалардың бірі болмақ.
«Бір палаталы Парламент – бұл енді шындыққа айналатын жоба. 2027 жылы референдум өтеді деп жоспарланса, 2028 жылы Мәжіліс жаңа ережелер бойынша құрылады», – дейді сарапшы.
Садиева атап өткендей, жаңа жүйе бойынша депутаттар пропорционалды тәсілмен сайланады. Яғни, сайлаушылар жеке кандидаттарға емес, партиялық тізімдерге дауыс береді. Бұл ретте партиялардың тізімін кейіннен қайта қарап, танымал, бірақ кәсіби емес тұлғаларды енгізу тәжірибесінің қайталанбауын қамтамасыз ету маңызды болмақ.
«Қанша дауыс жинаса, партия сонша мандат алады. Бірақ нақты нәтиже сайлау формуласына байланысты. Егер формула жұмсақ әрі сайлау шегі төмен болса, Парламентке шағын немесе жаңа партиялардың өту мүмкіндігі артады. Бұл жағдай коалициялық үдерістерді жандандырып, доминантты партиялардың салмағын төмендетуі мүмкін», – деп түсіндірді Садиева.
Сондай-ақ, ол бұл жүйенің азаматтар мен депутаттар арасындағы тікелей байланысты әлсірету қаупі бар екенін де атап өтті. Бұрынғыдай белгілі бір округтен «өз» депутаты болмайды. Сондықтан партиялар аймақтарда халықпен тікелей жұмыс істей алатын инфрақұрылымды сақтап, дамытуы қажет.
«Жаңа жүйе саяси платформалардың бәсекелестігін арттырады. Демек, сайлаушылар нақты бағдарламаларға дауыс беруге бейімделеді. Бұл партиялардың идеологиялық айқын позициясын талап етеді. Бірақ бұл партиялық саясаттың күшеюіне жол ашады», – деді сарапшы.
Соңында Садиева жаңа жүйенің тиімділігі көп жағдайда саяси алаңда жаңа партиялардың пайда болуына байланысты болатынын айтты.