Жаңалықтар
«Анасы қонақ күтіп жүрген»: Алматы облысында қызуы көтерілген бес айлық сәби көз жұмды

Желіде патологоанатомиялық бюроның дәрігер-патологоанатомы Жансая Советхан Абай облысында бес айлық қыз бала тұмаудан кейінгі бес күндік ауырғаннан соң көз жұмғанын жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz
Дәрігердің айтуынша, анасы сәбиін үй жағдайында өз бетінше емдеумен айналысқан, бұл жағдайды одан әрі қиындатып жіберген.
«Моргқа бес айлық қыз бала түсті. Ол ауруханада небәрі бес сағат қана болды. Бұған дейін сәби бес күн бойы үйде жоғары температурадан қиналып жатқан», – деп жазды дәрігер Советхан.
Бірінші күндері учаскелік дәрігер үйге келіп, рецепт жазып берген және үйде емдеуді ұсынған.
«Дәрігер баланың жағдайын үнемі бақылап отырған, анасының айтуынша, «бәрі жақсы, тамаша» болған», – деді патологоанатом.
Алайда бесінші күні сәбиінің жағдайы күрт нашарлап кеткен. Сағат 16:30-да жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген бала бірден жансақтау бөліміне түсті. Өкінішке қарай, сағат 20:00-де көз жұмды.
«Соңғы клиникалық және менің патологоанатомиялық диагнозым – сепсис. Гистологиялық деректер бойынша жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) белгілері бар», – деп нақтылады дәрігер.
Жансая Советханның айтуынша, анасы балаға қызуы көтерілген кезде үнемі ибупрофен берген, алайда үйінде бірнеше күн бойы қонақтар болғандықтан, ауруханаға апаруға уақыты болмаған.
Дәрігер ата-аналарға маңызды ескерту жасады.
«Бұрынғыдай «қонақ келеді, ел не дейді» деп ойлайтын уақыт өтті. Енді ең әуелі отбасы мен бала денсаулығын ойлау керек. Қоғам ауырған баланы құтқарып қалмайды, өмірден өткенді де қайтара алмайды. «Ел не дейді» деген стереотиптен арылатын уақыт жетті. Өзіңізді алдамаңыз – бала денсаулығына жауапкершілік тек сіздің мойныңызда», – деп атап өтті Жансая Советхан.