Әлеумет және қоғам

Жаңа адамдар қозғалысы ҚазҰАЗУ ғимараттарының сатылуына қарсы наразылық өткізді

Жаңа адамдар ҚазҰАЗУ әкімшілігін университет корпустарын сатуды тоқтатуға шақырады, деп хабарлайды Qandastar.

Алматыда «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің алдына жиналып, наразылық акциясын өткізді. Қозғалыс өкілдері университет басшылығын оқу ғимараттары мен жатақханаларды коммерциялық мақсатта сатуды және жалға беруді тоқтатуға шақырды.

Белсенділердің айтуынша, еліміздегі ең ірі аграрлық оқу орнының иелігіндегі нысандар білім беру мақсатында қолданылмай отыр. Бұрын студенттер тұрған агрономия факультетінің жатақханасы қазір лаунж-барға, зооинженерия корпусы караоке-клубқа, ал ветеринария факультетінің зертханалары кеңселерге айналған.

Сонымен қатар, белсенділер университет аумағында RAMS құрылыс компаниясының тұрғын үй кешенін салып жатқанына назар аударды. Олардың пікірінше, бұл құрылыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаланың бұл бөлігінде жаңа ғимараттар салуға уақытша тыйым салу туралы тапсырмасына қайшы келеді.

Жұрттың назарын аудару үшін белсенділер университет алдына «Аграркаполия» деп аталатын үлкен үстел ойынын орнатты. Бұл ойында университет ғимараттары сатылымға қойылған. Олар осы арқылы оқу орнының аумағы білім ордасы емес, сауда алаңына айналып бара жатқанын көрсеткісі келген. Акцияға студенттер мен қала тұрғындары қатысып, өз пікірлерін білдірді.

Белсенділер университет ректоры Ахылбек Кәжіғұлұлымен кездесіп, оған «Халық Қаһары» атты халықтық анти-сыйлықты табыстамақ болған. Алайда, ректор жұмыс орнында болмаған. Сонда да белсенділер өздерінің символдық марапатын ректордың кабинетіне қалдырып кеткен.

«Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Әлихан Сәрсеновтің айтуынша, олар бұл мәселенің соңына дейін баратынын және университет басшылығынан нақты жауап күтетінін мәлімдеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button