Жаңалықтар

Депутат Ринат Зайыт Нұрбол Назарбаевтың мүлкіне толық тексеріс жүргізуді талап етті

фото: мәжілістің баспасөз қызметі 

Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдап, Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа тиесілі активтерді жан-жақты тексеруді сұрады, деп хабарлайды qandastar.kz.

Халық қалаулысының айтуынша, жуырда сот шешімімен Нұрбол Назарбаевтың 57 миллиард теңге көлеміндегі активі мемлекет меншігіне қайтарылған. Сонымен қатар оған 925 миллион теңге айыппұл және 230,4 миллион теңге айыпақы салынған. Барлық банк шоттары бұғатталып, компания кірісін және жеке мүлкін басқару құқығынан айырылған.

Алайда депутат мәселе мұнымен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, қоғамда бұл әулеттің рейдерлік жолмен иемденген базарлары мен Алматы қаласы және облысындағы заңсыз алынған жер телімдері туралы жиі айтылып жүр. Әсіресе, атышулы «Алтын орда» базарына қатысты деректер көп, алайда олардың қайтарылған активтер қатарында бар-жоғы әзірге белгісіз.

Депутат Бас прокурордан Нұрбол Назарбаевқа тиесілі барлық компаниялар мен активтерді түгендеп, заңдылығын анықтауды, қайтарылған активтер мен олардың қазіргі пайдаланылуы туралы ақпаратты ашық жариялауды, «Алтын орда» базары мен Алматыдағы заңсыз жер телімдеріне қатысты тергеуді бастауды талап етті.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button