
Фото: ашық дереккөз
Қазақстанның әлемге әйгілі әншісі Димаш Құдайберген осыдан бес жыл бұрын сатып алған iPhone 12 смартфонын әлі күнге дейін пайдаланатынын айтты, деп хабарлайды qandastar.kz
Бұл жайлы ол «Бизнес под капотом» YouTube арнасына берген сұхбатында бөлісті.
Димаш қымбат гаджеттерге аса мән бермейтінін, қарапайым өмір салтын ұстанатынын атап өтті.
«Бір данышпан байлық туралы сұраққа былай деп жауап берген: «Мен баймын, өйткені менің отаным, тәуелсіз елім, кең байтақ жерім, аман-есен отбасым және бейбіт өмір сүріп жатқан халқым бар». Ал материалдық байлық жайлы айтқанда, ол: «Егер миллиондарды меңзесең, мен кедеймін. Себебі ақша тапқанмен, оның мәні уақыт өте келе өшеді» деген», – деп әнші данышпанның сөзін мысалға келтірді.
Димаштың пікірінше, ақша өмірде қажет болғанымен, ол басты құндылық болмауы керек.
«Ақша қолда болғаны дұрыс, бірақ жүрекке жоласа, ол адамды басқарып, сананы бұрмалайды. Сондықтан адамгершілікті сақтау әлдеқайда маңызды», – деді ол.
Әнші үшін ең басты байлық – отбасының амандығы, елінің тыныштығы және халқының бірлігі. Ал материалдық дүние мен сән-салтанат оның өмірінде екінші кезекте тұрады.



