
Фото: ашық дереккөз
qandastar.kz Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Көшербаевты еліміздің жаңа Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындады. Бұған дейін ол вице-премьер лауазымын атқарып келген еді. Көшербаевтың өмірбаяны мен қызмет жолына, сондай-ақ отбасылық байланыстарына қысқаша шолу жасасақ.
Білімі мен алғашқы қадамдары
Ермек Көшербаев 1965 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар: алғашқысы — «шетел тілінде оқытатын тарихшы», екіншісі — «халықаралық қатынастар мен сыртқы саясат» мамандықтары бойынша. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдаған.
Айта кетейік, бұл академияда қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та оқыған. Көшербаев 1992 жылы, Тоқаев 1993 жылы бітірген.
Мансап жолы: қарапайым мұғалімнен министрлікке дейін
Көшербаев еңбек жолын 1988 жылы қарапайым мектеп мұғалімі ретінде бастағанымен, небәрі 23 жасында Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде аға инспектор қызметіне көтерілді. 90-жылдары Президент аппараты мен Сыртқы істер министрлігінде түрлі лауазымдарда болды.
1997 жылы елге оралып, Премьер-министрдің көмекшісі қызметін атқарды. Бірақ 1999 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев премьерлікке келгенге дейін мемлекеттік қызметтен кетеді.
2000 жылдан бастап біраз уақыт коммерциялық секторда еңбек етті. 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып мемлекеттік қызметке қайта оралды. Кейін Ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты хатшы, ал Сыртқы істер министрлігінде орынбасар, жауапты хатшы қызметтерін атқарды.
2020 жылы Ресейдегі Қазақстан елшісі қызметіне тағайындалды, ал 2023–2025 жылдары Шығыс Қазақстан облысының әкімі болды.
Саяси байланыстар және ықпал
Көшербаев түрлі жылдары елдің қос бірдей президентімен тығыз жұмыс істеген: 90-жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың аппаратында қызмет етсе, кейінгі жылдары Қасым-Жомарт Тоқаевтың командасында белсенді рөл атқарды.
Оның мансабы 2000 жылдан кейінгі кезеңде жиі үзіліске ұшырағанымен, кейінгі жылдары қайта жанданып, жоғары мемлекеттік қызметтерге тағайындалумен ерекшеленді.
Отбасы және Назарбаевтармен туыстық байланыс
Ермек Көшербаев үйленген, екі баласы бар: ұлы Дастан мен қызы Дәмелі. Жұбайы — Динара Шайжүнісова, ол «ҚазМұнайГаз» кадр қызметін басқарған. Шайжүнісовтер әулеті — Шығыс Қазақстан өңірінде ықпалды отбасы. Динараның әкесі Маркен Шайжүнісов — Семей қаласының бұрынғы әкімі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы депутаты.
Динара Шайжүнісованың туысы Даллен Шайжүнісов — экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Венера Назарбаеваға үйленген. Осы арқылы Ермек Көшербаевтың отбасы Назарбаевтар әулетімен алыс туыстық байланыс орнатқан.
Көптілді дипломат және қазақ күресінің шебері
Көшербаев төрт тілді еркін меңгерген: қазақ, орыс, ағылшын және корей тілдері. Білімі бойынша кәсіби тарих пәнінің оқытушысы, бұл пәнді шетел тілінде де жүргізе алады.
Ол тек саясаткер емес, спортпен де белсенді айналысады. Әсіресе, қазақ күресімен. ШҚО әкімі қызметінде жүрген кезінде мектеп оқушыларымен күресіп, желіде кең таралған видеода жас баланы жеңіп шыққаны көрсетілген.