Әдебиет

Қытайдан көшіп келген оралман, жазушы, журналист Жәди Шәкенұлы қазіргі қазақ әдебиеті жайында

— Бүгінгі мынау Қазақстандағы әдеби ортаны алып қарағанда, кеңестік дәуірден кейін есімізді жинасақ та, әдебиетімізде сақталып отырған кемшілік, кінәрәттар өте көп болып тұр. Солардың бірі — билікке жалтақтаушылық болса, екіншісі әдебиеттің ретсіздігі, яғни әдебиет қосынындағы бір ауызға келе алмаушылық деп атар едім. Немесе бүгінгі қазақ әдебиетіндегі жағдайды қысқаша ғана «балапан басында тұрымтай тұсында» дегендей, алауыздық жайлап алған десем артық айтқандық емес.

Өткен жылдардан бері Жазушылар одағы төңірегінде біраз дау-дамайлар болды. Ал Қазақстанның билік органдары осы дау-дамайларды болдырмауға, оған нүкте қоюдың орнына жазушылар арасындағы ішкі ұсақ қайшылықтарды қоздыруға бағытталған жұмыстар жүргізумен болды. Осындай талас-тартысты күйге түскен әдебиетші, жазушыларымыз сергелдең жағдайды бастарынан өткізуге мәжбүр болды.

Ал қаламгерлер қосынының осындай қиын жағдайға ұшырауы салдарынан қазақ әдебиеті, тіпті қазақ тілі қиын жағдайға түсті деп айтуға болады. Қазақ тілінің тілдік деңгейі бүгінгі күні мемлекеттік тіл деңгейіне, яғни заңмен бекітілген өз мәртебесіне жете алмай отыр.

Осы тіл мәселесін жоғары қойып, сол үшін ұрандайтын жазушыларымыз өз ішінде «алты бақан» болған соң және үкімет осы тіл мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмеген соң тіл мәртебесі жылдан жылға жоғарлаудың орнына төмендеп бара жатыр деп айтуға болады. Оны осы Алматы қаласы жағдайынан байқауға болады.

Осыдан екі-үш жыл бұрын тілге деген бетбұрыс жақсы еді, енді қазір тіл туралы айтылмайтын болды. Бұның себебі неде екенін түсіну қиын болып тұр. Былтыр мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы тәуелсіздік алған 16 жылда қазақ тілін үйренетіндей уақыттың болғанын, яғни «аюға намаз үйреткен таяқ» кезеңінен өтіп бара жатқанын айтып еді. Ол аз болғандай, бұдан былай «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп, әлемнің ешбір елінде, ешбір халқында айтылмайтын өсиет сөзді де айтты. Бірақ, одан жағдай өзгермей тұр.

Керісінше, қазақ тілінің жағдайы соңғы кезде тіпті төмендеп барады, биліктің орысқа жалтақтауы да тым көбейіп бара жатқан сияқтанады. Осындай жағдайда бұдан былай қазақ тілін қалай аман сақтап қаламыз деген мәселе күн тәртібіне өзінен өзі шығатын түрі бар.

Сондықтан жақсы ойланайық, ағайын дегім келеді.

https://www.azattyq.org/a/1177952.html

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close