
Фото: ашық дереккөз
Қостанай облысында Рудный қаласының прокуроры қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен ұсталды, деп жазды qandastar.kz
Бас прокуратураның мәліметінше, ұстау операциясы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментімен бірлесіп, 2025 жылдың 28 қыркүйегінде жүргізілген.
«Құқық қорғау органдарындағы заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қостанай облысы прокуратурасының ішкі қауіпсіздік бөлімі мен ҰҚКД бірлесіп, Рудный қаласының прокурорын күдікті ретінде ұстады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – делінген ресми хабарламада.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, Рудный қаласының қазіргі прокуроры Мұрат Успанов бұл қызметке 2024 жылдың 6 қыркүйегінде тағайындалған. Бұған дейін ол Арқалық қаласының прокуроры қызметін атқарған.