
Фото: Dong Yunhu. Photo by Xinhua.
Қытайда ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрлігін басқарған Тан Жэньцзянь жемқорлыққа байланысты өлім жазасына кесілді, деп жазды qandastar.kz Xinhua агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Чанчунь қалалық халық сотының үкіміне сәйкес, Тан Жэньцзянь 2007 жылдан 2024 жылға дейін мемлекеттік қызметте түрлі жоғары лауазымдарды атқара жүріп, лауазымдық өкілеттігін жеке пайда табу мақсатында пайдаланған. Ол кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға бизнестерін дамыту, мемлекеттік тендерлерге қатысу және мансаптық өсуге қолдау көрсеткені үшін жалпы сомасы 268 миллион юань (шамамен 20 миллиард теңге) көлемінде пара алған.
Сот бұл соманы «аса ірі көлем» деп танып, оған ең қатаң жаза – өлім жазасын тағайындады. Дегенмен, экс-шенеуніктің кінәсін толық мойындауы, тергеуге белсенді көмектесуі және заңсыз табыстың көп бөлігін өз еркімен қайтаруы жазаны жеңілдететін фактор ретінде ескерілді. Сол себепті сот үкімді орындауды екі жылға шегеруге шешім қабылдады. Бұл мерзім ішінде тәртіп бұзушылық болмаса, өлім жазасы өмір бойғы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін.
Сонымен қатар, Тан Жэньцзянь барлық саяси құқықтарынан айырылды, жеке мүлкі тәркіленді. Заңсыз жолмен алынған қаражат пен одан түскен табыс мемлекет меншігіне өткізілді.
Айта кетейік, бұған дейін Индонезияда екі қазақстандықтың өлім жазасына тартылуы мүмкін екені туралы хабарланған болатын.