Жаңалықтар

Назарбаевтардың мүлкі жайлы ақпарат неге құпия?

Фото: ғаламтордан

Өткен аптада Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың активтеріне қатысты іс сотта қаралып жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды qandastar.kz. Оның үстіне Активтерді қайтару жөніндегі комитет шағым түсірген. Осыған байланысты NEGE порталы Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа ресми сауал жолдаған еді.

Комитеттің ресми жауабы:

«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның 8-бабына сәйкес, алынған мәліметтер құпия болып саналады. Оларды жария ету «беделдік, инвестициялық және өзге де тәуекелдерге әкелуі мүмкін». Сондықтан толық дерек ашық таратылмайды.

Жоғарғы соттың жауабы:

ҚР Сот әкімшілігінің Астана қаласы бойынша департаменті де дәл осы заңға сүйеніп, «алынған мәліметтердің құпиялылығына байланысты толық ақпарат жарияланбайды» деп қысқа қайырған.

Алайда қоғам тарапынан «Мемлекетке қайтарылған активтер туралы дерек ашық болуы тиіс» деген талап әлі күнге ескерілмей келеді. Заңсыз активтердің иелері мен олардың қандай мүлікке иелік еткені құпия күйінде қалып отыр.

Еске салайық, биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің атауы өзгеретінін мәлімдеген болатын. Сарапшылардың пікірінше, атауы ғана емес, жұмыс тәсілі де ашықтыққа негізделуі қажет.

 

Back to top button