
Фото: ашық дереккөз
Түркістан облысында 64 оқушыға іс жүзінде өткізілмеген сабақ үшін мұғалімдерге заңсыз жалақы төленген, деп жазды qandastar.kz
Прокуратураның тексерісі нәтижесінде, 64 оқушыға үй жағдайында білім берілмегеніне қарамастан, мұғалімдерге сабақ өткізгені үшін жалақы төленіп отырғаны белгілі болды.
Тексеру кезінде «D.MED» медициналық ақпараттық жүйесі арқылы бұл балалардың түрлі өңірлердегі ауруханаларда ұзақ мерзімді ем қабылдағаны, сондықтан үйден білім алуға мүмкіндіктері болмағаны анықталды. Соған қарамастан, мектеп әкімшіліктері тарапынан оқыту процесі қағаз жүзінде жүргізілген болып есептеліп, мұғалімдерге ақы төленген.
Мысалы, Сарыағаштағы №16 мектептің бір оқушысы жыл бойы емделіп жатқан кезде оған сабақ берілді деп есептеліп, мұғалімдерге 319 101 теңге төленген.
Жалпы алғанда, заңсыз төлем сомасы 4,2 миллион теңгеден асқан.
Қадағалау органдарының араласуынан кейін бұл қаражат толығымен бюджетке қайтарылды. Сонымен қатар, білім беру саласындағы 311 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.