
Фото: СҚО әкімдігі
Солтүстік Қазақстан облысында бокстан әлем чемпионы атанған Наталья Богдановаға арнайы құрмет көрсетілді, деп хабарлады qandastar.kz.
Салтанатты іс-шарада өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов спортшыны тарихи жетістігімен құттықтап, оның бапкері Дастан Қабденовке кәсібилігі мен еңбегі үшін алғыс білдірді.
«Натальяның таланты мен табандылығы, сондай-ақ жаттықтырушысының кәсібилігі арқасында еліміздің көк байрағы тағы да халықаралық аренада желбіреді. Бұл жеңіс – жас спортшыларға үлгі әрі өңірде бұқаралық спорттың дамуына серпін береді. Бұл – үлкен жолдың бастауы ғана. Алда Наталья мен Дастанды әлі талай жеңіс күтіп тұр», – деді облыс әкімі.
Әлем чемпионына су жаңа автокөлік кілті табыс етілсе, бапкері Дастан Қабденовке 3 миллион теңге көлемінде қаржылай сертификат берілді.
Айта кетейік, 70 келі салмақта өнер көрсететін Наталья Богданова Ливерпульде өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. Ол – Солтүстік Қазақстан облысы тарихында әлем чемпионы атанған алғашқы спортшы.