
Фото: Мақтаарал ауданы әкімінің аппараты
Әлеуметтік желілерде әскери қызметшілердің бірін сапта тұрған сарбазды ұрып-соғып жатқан сәті бейнеленген видео тарады, деп хабарлайды qandastar.kz. Аталған жағдайға байланысты Қорғаныс министрлігі ресми түсінік берді.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, видео Қазақстан Қарулы күштеріне еш қатысы жоқ.
«Бұл бейнематериал – Қырғызстандағы «Қырғызфильм» киностудиясы түсірген «Баткен» көркем фильмінің үзіндісі. Роликке қазақ тіліндегі дыбысжол жасанды интеллекттің дипфейк технологиясы арқылы қосылған. Қазақстан әскерімен байланысы жоқ», – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар министрлік өкілдері БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды. Ведомство жалған ақпарат тарату үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын да еске салды.