
Фото: Мұрағаттан
Алматыда жұмбақ жағдайда қаза тапқан Ақнәр Гүлстанның ісі не үшін ұзаққа созылғаны белгілі болды, деп хабарлайды qandastar.kz.
Марқұмның анасы Гүлстан Хамиттің айтуынша, тергеу Алматы қалалық Антикор тарапынан жүргізіліп жатыр және Бас прокуратураның бақылауында.
«Ақнәрдің ісі бұған дейін Алматы құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің құқықбұзушылықтары салдарынан бүгінге дейін созылып, қайта қаралуда», – деді ол.
Еске салайық, 2024 жылғы 20 шілдеде Ақнәр көпқабатты үйдің 7-қабатынан құлап көз жұмған. Тергеу бұл оқиғаны бастапқыда «өзін-өзі өлтіру» ретінде тіркеген. Алайда туыстары бұл нұсқаға сенбейді, себебі марқұмның денесінде азаптау белгілері болғанын алға тартады.
Гүлстан Хамит бұған дейін де Алматының тергеу органдары істі жеңіл баппен қарастырып, шын мәнінде әділ тергеу жүргізбей отырғанын мәлімдеген еді.
Алматы қалалық ПД мәліметінше, былтыр шілдеде қайтыс болған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалған.