
Фото: Нұрболат Нұржаубай
Елімізде ең көп тұтынылатын АИ-92 маркалы бензин қымбаттады. Қазір Астана мен Алматыда оның литрі 235 теңгеге жеткен. Шымкентте баға сәл төмен – шамамен 20 теңгеге арзан, деп хабарлайды qandastar.kz.
Информбюро бағдарламасында сарапшылардың айтуынша, жанармай құны әлі де өседі. Мұнай-газ саласының маманы Олжас Байділдинов отынның қымбаттауына теңгенің әлсіреуі негізгі себеп екенін атап өтті.
«2000-жылдары бензин бағасы шамамен 40 цент болса, қазір де сол деңгейде. Бірақ шығынға ұшырамау үшін құнды кемінде 60 центке жеткізу керек. Сондықтан АИ-92 бағасы болашақта 330 теңгеге дейін жетуі мүмкін»», – деді ол.
Ал министрлік баға негізсіз көтерілмейтінін, бақылау қатаң жүргізілетінін мәлімдеді.
«Барлық өңірлерде жанармай бойынша өңірлік штабтар жұмыс істейді. Нарықтағы сұраныс пен ұсыныс ескеріліп, халықтың әлеуметтік осал топтары бірінші кезекте қолдауға алынады», – деді Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің бас сарапшысы Айбек Төленді.
Министрлік өкілдерінің сөзінше, ішкі нарықтағы жанармай тапшылығы жоқ, жағдай тұрақты.