Жаңалықтар

Депутат: ШОБ-ты қолдау бағдарламалары бизнеске сенім емес, күмән тудырып отыр

Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбаев еліміздегі шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау тетіктерін өткір сынға алды. Оның айтуынша, мемлекеттік субсидиялар кешігіп беріліп, несиені өтеу ауырлап, кепілдік жүйесі тиімсіз жұмыс істеп отыр. Бұл туралы ол ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп жазды qandastar.kz

Субсидиялар уақытында төленбейді

Толықбаевтың айтуынша, кәсіпкерлер мемлекет несиенің пайызын өтеп береді деген уәдеге сенген. Алайда субсидия уақытылы төленбейді, ал кей аймақтарда қаражат жазда-ақ таусылып қалған.

«Жүздеген кәсіпкер айлап күтсе де, субсидияны ала алмай отыр. Мұндай жағдайда бизнес қалай мемлекетке сенім артады?» – деді ол.

Қымбат несие – кәсіпкер үшін үлкен жүктеме

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтерген соң, қазір кәсіпкерлер 25%-ға дейінгі пайызбен несие төлеуге мәжбүр. Бұл жағдайда табыс емес, шығынға жұмыс істеп жатқандар көп.

«Даму» арқылы қаржыланған жобалар аз

Депутаттың дерегінше, 2025 жылдың басынан бері банктер ШОБ-қа арналған 2 200 жобаны мақұлдаған. Бірақ олардың тек 40%-ы ғана нақты қаржыланған.

«Қалған кәсіпкерлер қолдаусыз қалды», – дейді депутат.

Кепілдік жүйесі де сын көтермейді

Толықбаевтың айтуынша, банктер «Даму» қорын капиталдандыруға міндеттеліп отыр. Бұл – қаржы ұйымдары үшін қосымша салмақ. Жаңа талапты банктер «квазисалық» деп бағалаған.

«Бұл – қолдау емес, кедергі. Банктер қаржысын қорға емес, кәсіпкерге бағыттауы керек», – деді депутат.

Ұсыныстары қандай?

Мақсат Толықбаев Үкіметке мынадай нақты ұсыныстар жолдады:

  1. ШОБ несиесіне берілетін субсидияны толық және уақытында төлеу;
  2. Кепілдендіру қорын капиталдандыру жүйесін қайта қарау;
  3. Бұл іске даму институттары мен ірі компанияларды тарту;
  4. Банктердің жарна көлемін қайта қарастыру.

«Еліне сенген еңкеймейді. Бірақ түсініксіз тетіктер мен ерсі ережелер бизнес пен мемлекеттің арасындағы сенімді шайқалтады», – деп түйіндеді депутат

Ұқсас Мақалалар

Back to top button