Жаңалықтар

Сарап: Елордада бір пәтерге тіркелетін адамдарға шектеу енгізіледі

Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың 17 шілдесінде күшіне енген жаңа заң аясында елордада және басқа өңірлерде тұрғындарды бір пәтерге тіркеу бойынша лимит белгіленбек, деп жазды qandastar.kz

Аталған мәселе бойынша Астана қаласы Есіл ауданы Полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Әкімов түсініктеме берді.

Нормативтік құжаттар қандай кезеңде?

Жаңа заң күшіне енгенімен, нақты тіркеу шектеулері әзірге бекітілген жоқ. Қазіргі уақытта мәслихаттар мен атқарушы органдар тиісті нормативтік актілерді дайындау үстінде. Лимиттер әр өңірдің ерекшелігіне қарай, жергілікті деңгейде қабылданатын болады.

Лимит қалай есептеледі?

Ресми формула әлі бекітілмеген. Алайда алдын ала ұсыныстар бойынша, бір адамға 15 шаршы метрден кем емес тұрғын үй ауданы қарастырылуы мүмкін. Лимит пәтердің жалпы көлемі, бөлме саны және өзге де факторларға қарай есептеледі. Нақты көрсеткіштерді жергілікті мәслихаттар анықтайды.

Туыстарға жеңілдіктер қарастырылған ба?

Иә, жаңа ереже бойынша жақын туыстар — ата-аналар, балалар және жұбайлар — тіркеу лимитіне жатпайды. Бұл шектеулер көбіне бөгде адамдарға қатысты қолданылады. Сонымен қатар жалған тіркеу анықталған жағдайда шамамен 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.

Қоғамдық талқылау мүмкіндігі бар

Азаматтар “Ашық НҚА” порталы немесе жергілікті мәслихаттар арқылы заң жобаларына пікір білдіре алады. Электронды түрде жолданған ұсыныстар қаралып, ескерілетін болады.

Пәтер иелерін не күтеді?

Лимит енгізілген соң, пәтер иелері тіркеу кезінде белгіленген шектен артық адамды тіркей алмайды. Әрбір өтініште пәтердің ауданы мен онда бұрыннан тіркелген тұрғындар саны ескеріледі. Процесті ІІМ мен жергілікті әкімдіктер бақылауға алады. Сонымен қатар тіркеу жүйесін автоматтандыру жұмыстары да жоспарлануда.

Back to top button