Жаңалықтар

Сауна, сұлулық салоны, кафе: «Ауыл аманаты» қаржысы мақсатсыз жұмсалған

Фото: егемен.кз

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бөлінген мемлекеттік қаржының бір бөлігі ауыл шаруашылығын дамытуға арналмаған бағыттарға жұмсалған. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz

Министрдің айтуынша, 2 мыңға жуық қарыз алушы жалпы сомасы 13 миллиард теңге көлеміндегі несиені ауыл шаруашылығына емес, сұлулық салондары, сауналар, мейрамханалар мен дүкендер ашуға жұмсаған.

Сондай-ақ, қаржының мақсатсыз пайдаланылу фактілері өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) қызметінде де анықталған. Мәди Такиев кейбір ӘКК-лер мемлекеттік қолдауды бизнесті дамыту емес, қаржылық пайда табу құралына айналдырып отырғанын атап өтті. Мәселен, Түркістан облысында 2 млрд теңге, ал Абай облысында 152 млн теңге көлеміндегі қаражат банктерге депозитке салынған.

«ӘКК-лер алған қаржысын айналымға енгізудің орнына, пайыздық табыс табу үшін депозитке орналастырып отыр. Бұл мемлекеттік қолдау тетігінің тиімділігіне күмән туғызады», — деді министр.

Сонымен қатар, Қаржы министрлігі көлеңкелі экономикамен күрес аясында салықтан жалтаруға бағытталған басқа да схемаларды анықтап жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, бір заңды мекенжай бойынша ондаған компанияны тіркеу тәжірибесі кең етек алған. Қазіргі таңда 3,5 мың мекенжайда 20 мыңға жуық кәсіпорын тіркеліп, олардың жалпы салықтық берешегі 60,4 млрд теңгені құрап отыр.

Министрліктің мәлімдеуінше, мұндай заңбұзушылықтар ел бюджетіне елеулі қауіп төндіріп қана қоймай, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуына да кедергі келтіреді. Қаржы ведомствосы бақылау мен мониторингті күшейтіп, бюджеттік қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге күш салмақ.

Back to top button