Жаңалықтар

Мемлекеттік сатып алудағы махинация: Қарапайым скотч 99 мың теңгеге бағаланған

Фото: Коллаж Ulysmedia.kz

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов үкімет отырысында мемлекеттік сатып алудағы алаяқтық схемаларды әшкереледі, деп хабарлайды qandastar.kz

Оның айтуынша, шағын сатып алуларда (100 АЕК-ке дейін, яғни 2025 жылы 393 200 теңгеге дейін) келісімшарттағы сома мен тауардың нақты нарықтық бағасы арасында үлкен алшақтық бар. Мысалы, қарапайым орауыш скотч кей келісімшарттарда 2 мыңнан 99 мың теңгеге дейін бағаланған.

Агенттік мынадай заңбұзушылықтарды анықтады:

  • 7,5 мыңнан астам жағдайда келісімшарт жасалған соң, баға ұсыныстары жүйеден алынып тасталған;
  • 8 мың келісімшартты (жалпы сомасы – 8,3 млрд теңге) талдау барысында 4 млрд теңге көлемінде негізсіз баға өсімі тіркелген;
  • Техникалық сипаттамаларға сай келмейтін тауарлар жеткізілгені анықталған.

Аталған сатып алулар Omarket.kz платформасы арқылы жүзеге асырылған. Жүйе ең төмен бағаны автоматты түрде таңдауы тиіс болғанымен, Бижановтың айтуынша, көп жағдайда баға қолдан өсірілетін схемалар қолданылып келген.

Қаржы мониторингі агенттігі мемлекеттік сатып алу процестерін қатаң бақылауға алып, заңбұзушылықтарға жол бермеу шараларын күшейтетінін мәлімдеді. Мақсат – бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету.

Back to top button