Жаңалықтар

МӘМС жүйесінде не өзгермек?

Фото: Бак.кз

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне ақпарат ұсыну тәртібі жаңартылып, оны жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тізімі кеңейтіледі. Бұл туралы qandastar.kz хабарлады. 

Үкіметтің жаңа қаулысына сәйкес, азаматтар мен шетелдіктер туралы мәліметтерді жинау мен беру процесі жетілдірілмек. Өзгерістердің басты мақсаты – Қазақстан азаматтары мен елімізде уақытша тұрып жатқан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің еңбек мигранттары және олардың отбасы мүшелері туралы деректердің уақтылы әрі толық жеткізілуін қамтамасыз ету.

Ақпаратты жеткізу жүйесі

Бұрынғыдай барлық деректер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне жолданады. Қаулыда «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 26 және 26-1 баптарына нақты сілтемелер енгізіліп, осы салада жауапты мемлекеттік органдардың тізімі кеңейтілді.

Негізгі жаңалықтар:

  • Енді мәліметтер тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, сонымен қатар ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты да ұсынылады;
  • Қаулыға қосымшада көрсетілген барлық мемлекеттік органдар деректер ұсынуға міндеттеледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің рөлі артады

Министрлік ақпаратты бірнеше цифрлық жүйелер арқылы жеткізеді. Атап айтқанда:

  • «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесі;
  • «Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың орталықтандырылған базасы»;
  • «Төлемдерді өңдеу ұйымы»;
  • «Отбасының цифрлық картасы».

Министрлік келесі санаттағы азаматтар туралы ақпарат береді:

  • ресми тіркелген жұмыссыздар;
  • мүгедек бала тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін ата-аналар мен қамқоршылар;
  • І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға күтім жасайтын тұлғалар;
  • зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  • үш айдан астам уақыт зейнетақы жарнасы аударылмаған, әлеуметтік осал немесе дағдарыстық жағдайдағы азаматтар.

Жаңадан қосылған орган — Сот әкімшілігі

2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі де МӘМС жүйесіне деректер ұсынатын мемлекеттік орган ретінде бекітілді. Бұл құрылым қажетті ақпаратты сот органдарының ақпараттық жүйесі арқылы береді.

Сарапшылар пікірі

Мамандардың айтуынша, аталған өзгерістер МӘМС жүйесіндегі деректер алмасу механизмін жетілдіріп, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды медициналық сақтандырумен толық қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама сақтандыру жүйесінің ашықтығын арттырып, деректердің өзектілігі мен тиімділігін қамтамасыз етеді.

Жаңа қаулы – МӘМС жүйесін цифрландыру және әлеуметтік әділдік қағидаттарын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.

 

Back to top button