
Фото: krilyatv.ru
Қазіргі уақытта Қазақстанда тоғыз банк таратылу сатысында тұр. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) хабарлады. Қор өтемақы төлеу үшін азаматтардан «дәлелді себептермен» өтініш қабылдауды жалғастыруда, деп жазды qandastar.kz
2025 жылдың 1 наурызына дейін ҚДКҚ 40-тан астам салымшыға 60 миллион теңгеден аса өтемақы төлеген. Бұл қаражат өтініш беру мерзімін өткізіп алған, бірақ дәлелді себептерін растай алған азаматтарға арнайы қаралған.
Жабылуға жатқызылған банктер қатарына Валют-Транзит Банк, Казинвестбанк, Delta Bank, Qazaq Banki, Эксимбанк Казахстан, Астана банк, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan кіреді.
Өтемақы төлеу мерзімі аяқталғанымен, талап етілмеген сома Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылардың жеке шоттарына аударылған. Дегенмен, уақытында өтініш бере алмаған, бірақ оған дәлелді себептері бар азаматтар өтемақы алу құқығын сақтайды.
Дәлелді себептер қатарына әскери борышын өтеу, ел аумағынан тыс жерде болу, мұрагерлік рәсімдеу, бас бостандығынан айыру орындарында болу және сот шешімімен расталатын өзге де жағдайлар жатады.
Салымшылар өтемақы алу үшін тиісті құжаттарды ұсынуы қажет. Құжаттар өтініш бере алмаған кезеңді толық қамтуы тиіс, ол банктің лицензиясынан айырылған күннен бастап есептелетін бір жылдық мерзімге тең.
Өтініштер ҚДКҚ кеңсесіне тікелей немесе пошта арқылы қабылданады. Пошта арқылы жіберген кезде өтініш иесінің қолы нотариалды расталуы тиіс.
Қор өтінішті 5 жұмыс күні ішінде қарап, мақұлдаса қаражат салымшының банк шотына аударылады. Бас тарту жағдайында өтініш иесіне себептері түсіндіріліп, түзетуге нұсқау беріледі.
Қазіргі уақытта 148 мың салымшы өтемақысын алып, жалпы 113 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл Қордың барлық міндеттемесінің 98%-ын құрайды.



