
Фото: dknews
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде жастарды 18-27 жас аралығында әскери қызметке шақыруды тоқтатып, оның орнына 28 жастан асқан азаматтар үшін қызмет енгізу ұсынысын белсенді талқылап жатыр. Бұл идея Threads платформасында қызу пікірталастар туғызды: бір топ азаматтар келісімшарттық армияға көшу қажет деп санаса, екінші топ әскерге шақыруды мүлде жоюды ұсынуда, деп жазды qandastar.kz
Пайдаланушылардың бірі, detskie_interesy, «Физикалық және моральдық тұрғыдан әлі дайын емес жастарды әскерге шақыруды тоқтату керек. Әскери қызметтегі қайғылы жағдайлар мен өлімдерді болдырмау үшін депутаттар мен парламент мүшелеріне осы мәселені қарастыруды өтінемін» деп жазды.
Қазақстандықтардың бір бөлігі АҚШ немесе Израиль сияқты жоғары жалақы, әлеуметтік жеңілдіктер мен баспана берілетін келісімшарттық армияға көшу керек деп есептейді. Олар мұндай өзгеріс қызметтің мәртебесін көтеріп, жастарды әскерге тартуға септігін тигізеді деп сенеді.
Пайдаланушы araarayev: «Тек арнайы жасақ қызметі ғана мәртебелі болуы тиіс, ал басқа әскер түрлерінің жағдайы тең болуы қажет. Жалақы мен әлеуметтік жеңілдіктер деңгейі көтерілсе, тұрғын үй немесе ипотекаға жеңілдіктер берілсе, жастар Отанға қызмет етуге ынталанады. Қуатты армия – сенімді болашақ кепілі» деп пікір білдірді.
Алайда, кейбір азаматтар 28-35 жас аралығындағы адамдардың отбасы, ипотека және жұмысы бар екенін, сондықтан бұл жастағы шақырудың өміршең емес екенін алға тартуда. Бір топ әскери қызметтің өзін қажетсіз деп санап, оны бейбіт уақытта ресурстардың ысыралуы ретінде қарастырады. Басқалары бір жылдық қызметтің орнына 2-3 айлық қысқа оқу-жаттығу жиындарын енгізуді ұсынады.
Қоғамдағы пікірлер екіге бөлінген: біреулер кәсіби әскерге көшу қажет десе, енді біреулер әскердегі қаталдық пен дедовщина мәселесін шешуді талап етеді. Бұл тақырып қазақстандықтарды толғандырып отырғаны айқын көрініп тұр, олар биліктің бұл мәселеге назар аударуын күтуде.
Threads платформасында жарияланған пікірлер екі мыңнан астам лайк жинап, 140-тан астам пікірталас туғызды.



