
Фото: ашық дереккөз
Qazaq Air әуе компаниясының ұшқыштары басқарма төрағасы Әділбек Өмралиевтің атына жолдаған үндеуде еңбек жағдайына байланысты терең алаңдаушылықтарын білдірді, деп жазды qandastar.kz
Хатта ұшқыштар ұжымының қазіргі еңбек жүйесіне қатысты келесі мәселелер айтылған:
1. Жұмыс жүктемесінің артуы
Ұшқыштардың айтуынша, ай сайынғы орташа ұшу уақыты 80 сағатты құраса да, Q400 ұшағын басқаратын пилоттар айына 50-ге жуық ұшу-қону операциясын орындайды. Бұл көрсеткіш Boeing немесе Airbus ұшақтарындағы әріптестерінен екі есе жоғары. Ұшу мен қону — ұшқыш жұмысының ең күрделі кезеңдері, сондықтан мұндай жүктеме кәсіби шаршауға және жұмыс қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
2. Еңбекақы деңгейі
Компаниядағы ұшқыштардың жалақысы өзге отандық әуе тасымалдаушылармен салыстырғанда екі есе төмен. Көктемдегі жалақыны арттыру шарасы нақты табысқа айтарлықтай әсер етпеген. Ұшқыштар еңбекақының әділ және нарықтық жағдайға сай болуын талап етуде.
3. Кадр тапшылығы
Тәжірибелі командирлер зейнеталды жаста, ал жас ұшқыштар төмен жалақы мен мотивацияның болмауына байланысты мансаптық өсуді көздемейді. 2024–2025 жылдары компаниядан 8 командир мен 8 екінші ұшқыш кеткен. Бұл кадрлық әлеуеттің әлсіреуіне және ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.
4. Жалақыдағы теңсіздік
Жергілікті және шетелдік командирлердің еңбекақысында елеулі айырмашылықтар бар. Ұшқыштар мұндай теңсіздік ішкі ұжымдық мораль мен мотивацияға кері әсер етеді деп есептейді.
5. Түнгі рейстерге төлем
Компанияда түнгі рейстерге қосымша төлем қарастырылмаған. Ұшқыштар бұл тәжірибе халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін айтып, оны қайта қарауды ұсынады.
Ұшқыштар ұжымы басшылықтан келесі шараларды қабылдауды сұрайды
- Түнгі рейстерге ақы төлеу тәртібін қайта қарау;
- Әуе кемесі командирлерінің жалақысын кемінде 30%-ға көтеру;
- Екінші ұшқыштардың жалақысын кемінде 50%-ға арттыру;
- Барлық ұшқыштарға ұшу уақытына төленетін ақы мөлшерін 30%-ға көбейту.