Ішкі істер министрі Ержан Саденов 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша төрт куәгерге қылмыстық іс қозғалмайтынын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, сот қаулысы негізінде жүргізілген қосымша тексеру нәтижесінде олардың әрекеттерінде қылмыстық құрам анықталмаған, деп жазды qandastar.kz
Куәгерлер — Эльмира Нурбекова, Дана Жақсыгелді, Арлан Қазакенов және Юлдаш Рузбакиев бастапқыда тек куәгер ретінде тіркелген. Алайда марқұмның отбасының адвокаттары оларды жалған куәлік беріп, қылмысты жасыруға тырысты деп айыптап, қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған болатын.
Адвокат Мейірман Шекееевтің айтуынша, куәгерлердің сөзі бейнебақылау жазбаларымен сәйкес келмейді. Ол видеода Нурбекова мен Жақсыгелдінің сотта айтқандай шок күйінде болмағанын, ал Қазакенов пен Рузбакиевтің жағдайды талқылап отырғаны естілетінін алға тартты.
Осы деректерге байланысты маусым айында судья Ержан Жанұзақов прокурорға жеке қаулы жолдап, төрт куәгердің әрекеттеріне құқықтық баға беруді талап еткен еді. Дегенмен, ІІМ жүргізген тексеру бұл талапты негізсіз деп тапты.
Оқиға тарихы
Қайғылы оқиға 2024 жылғы 4 қазанда Талғар қаласында болған. 16 жастағы Шерзат Болат дүкенде әкесіне көмектесіп жүрген кезде, келушімен жанжал туындап, ол пышақ жарақатынан көз жұмды. Оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев та жараланған.
Тергеуді ІІМ жеке бақылауға алып, іс бойынша 9 адам түрлі мерзімге сотталған. Негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырды.
Тергеу барысында Шерзаттың отбасының үйі өртелген, ал желтоқсанда оның ағасы жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Ресми нұсқа бойынша, ол өзіне қол салған.



