Қазақстанда бірнеше банк қайталама нарықтағы, яғни ескі үйлерге берілетін ипотекалық несиелеуді уақытша тоқтатты, деп жазады qandastar.kz
Бұл жағдай базалық мөлшерлеменің көтерілуімен байланысты. Банк маржалары қысқарғандықтан, қайталама нарықтағы ипотеканы беру экономикалық тұрғыда тиімді емес болып қалды. Krisha.kz сайтында ипотека беруді тоқтатқан банктердің тізімі жарияланды. Дегенмен, банктер несиелеуді қайта қашан бастайтыны немесе шарттар өзгере ме – нақты айтпады.
Нарық сарапшысы Имран Османовтың айтуынша, қайталама нарықтағы ипотеканың тоқтатылуы – банктердің заңды әрі қалыпты реакциясы. Қазіргі кезде бұл нарықтағы тәуекел жоғары, ал табыс қаржыландырудың өзіндік құнынан төмен. Дегенмен ипотека мүлде жоғалып кетпейді. Банктер жаңа табыс көздерін, мысалы, комиссиялар, сақтандыру өнімдері мен балама қаржыландыру схемаларын дамыта алады. Қарапайым ипотеканың көлемі азайғанымен, құрылыс компанияларымен тікелей бөліп төлеу, ішкі бағдарламалар мен бірлескен қаржыландыру үлгілері көбейетін болады.
Еске салсақ, 10 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді.



