Жаңалықтар

Төреғали Төреәлі «Кәусар» қайырымдылық қорын құрды

Белгілі әнші Төреғали Төреәлі ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға арналған «Кәусар» қайырымдылық қорын құрды, деп хабарлады qandastar.kz.

Әншінің айтуынша, ол табысының бір бөлігін — нақтырақ айтқанда, 10 пайызын — осы қорға аударып отырады. Қордың басты мақсаты – ерекше балалардың ем алуына, дамуына және қоғамға бейімделуіне көмек көрсету. Қордың жұмысын Төреғалидің жұбайы Толқын Тұрарбекқызы басқарады.

Журналист Айгүл Мүкей әлеуметтік желідегі жазбасында бұл бастаманы қолдап, қордың атауы отбасындағы тұңғыш қыздарының құрметіне қойылғанын айтты.

Толқын Тұрарбекқызының сөзінше, олардың қызы Кәусар церебрал сал ауруымен туған.

«Ол өмірді басқаша әрі терең түсініп сүреді. Біз ерекше балалары бар отбасыларға көмек көрсеткіміз келеді. Алдағы уақытта Төремнің концерттік турынан түскен қаржының 10 пайызы қордың есепшотына аударылады», – деді ол.

Back to top button