Қазақстанда ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды саласының бірі. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан қолдау артып, диқандарға берілетін несие көлемі ұлғайып, жалпы өнім көлемі де өсіп келеді. Алайда салада қордаланған жүйелі мәселелер әлі де көп, деп жазады qandastar.kz
Көрсеткіштер жақсы, бірақ…
Биыл елімізде 8,25 трлн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. 2024 жылғы астық жинау науқаны да қарқынды жүріп жатыр: қыркүйектің ортасына дейін 11,6 млн тонна астық бастырылып, бұл – жалпы егіннің шамамен 48%-ы. Жыл соңына дейін 24 млн тоннаға жуық өнім алынуы мүмкін.
Мемлекет шаруаларды қаржыландыруды да күшейтіп отыр. Мысалы, биылғы 1 шілдеге дейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 556,3 млрд теңге несие алған – бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,8%-ға артық. Агроөнеркәсіптің 70%-ы бүгінде мемлекеттік қолдауға сүйеніп отыр.
Экспорт мәселесі – басты кедергі
Жоғары өнім болғанымен, басты мәселе – оны сыртқы нарыққа тиімді жеткізу. Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан 2023 жылы 12 млн тонна астық экспорттауды жоспарлағанымен, іс жүзінде бұл көрсеткіш жыл сайын 8-9 млн тоннадан аспай отыр.
Негізгі экспорт бағыттары – Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Қытай, Түркия және Таяу Шығыс мемлекеттері. Қытай нарығына 1,6 млн тоннаға дейін астық жеткізу жоспарланғанымен, шекарадағы кідірістер мен лицензиялау тәртібі бұл бағыттағы жұмысты тежеп тұр.
Бұған қоса, Қазақстан астығын алыстағы нарықтарға жеткізу – өте қымбат. Теңіз порттарының шалғайлығы мен тасымал шығындарының көптігі отандық диқандардың бәсекелестігін төмендетіп отыр.
Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары:
“1 тонна бидайдың бағасы кейде 100 доллардан аспайды. Ал 1 вагонға 60 тонна сияды. Демек, бір вагонның жалпы құны бар болғаны – 6 000 доллар. Осындай жағдайда экспорттың пайдасы мардымсыз. Егер Үкімет тасымал шығынын субсидияласа, диқандар үшін мүмкіндік кеңейер еді.”
Сапа мен тиімділік – тағы бір мәселе
2024 жылы өндірілген астықтың көп бөлігі – 4-5-сортты бидай. Бұл – сапасы төмен астық, дамыған елдерде мұндай өнім көбіне мал азығына ғана жарайды. Мұндай жағдайда ішкі нарыққа немесе төмен талап қоятын елдерге (Ауғанстан, Таяу Шығыс) ғана сата аламыз.
Мамандардың айтуынша, шаруалар жердің құнарлығын дұрыс бағаламаған. Бұған қоса, ауыл шаруашылығында біржақты бағыт – тек егіншілікке иек арту белең алған. Ал қосымша мал шаруашылығын дамыту немесе қайта өңдеуді жолға қою – әлі де жүйелі түрде қолға алынбай отыр.
“Егін шаруашылығы – жоғары тәуекелге толы сала. Мәселен, әр гектарға шамамен 100 мың теңге шығын жұмсалғанымен, кіріс 55-60 мың теңгеден аспай отыр. Яғни, 1 гектардан 40-45 мың теңге шығынға батқан диқандар аз емес”, – дейді Ербол Есенеев.
Қаржы мен субсидияның қолжетімділігі – өткір түйткіл
Бөлінетін қаржының көлемі артса да, уақытында жеткізілмеуі мәселені қиындатады. Биыл ауыл шаруашылығына 750 млрд теңге бөлінген. Алайда, бұл қаражаттың бір бөлігі шаруаларға маусым ортасына дейін жетпеген.
Әкпар Мәуленов, Қазақстан фермерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары:
“Диқандар көктемде егін егіп, маусым бойы үздіксіз жұмыс істеуі керек. Бірақ қаражат жазда жетсе, кеш болады. Былтыр 140 млрд теңге кешігіп аударылған.”
Бұл мәселені оңтүстік көршілеріміз өз пайдасына жаратып отыр. Мысалы, желтоқсанға дейін қарызын өтеуге мәжбүр шаруалар астығын тезірек өткізуге тырысады. Осы сәтте Тәжікстан секілді елдер арзанға өнім сатып алып үлгереді.
Субсидия төңірегінде де көптеген дау бар. Қаражаттың әділ бөлінбеуі мен жемқорлық күмәні саланың дамуына кері әсер етуде. Қаржының нақты мақсатқа жұмсалуына бақылау күшеймейінше, бұл мәселе шешімін таппайды.
Инвестиция мен өңдеу саласы – басты бағыт болуға тиіс
Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту – қиын әрі тәуекелі жоғары. Көбіне ауа райы, қуаңшылық немесе жауын-шашынның артықтығы өнімге кері әсер етіп, шаруаның шығыны қайтпай қалады.
Сарапшылар енді инвестицияны шикізатқа емес, қайта өңдеу саласына бағыттауды ұсынады. Бидайдан дайын өнім (ұн, крахмал, спирт), мал терісі мен жүнінен жоғары қосылған құны бар өнім шығару арқылы ғана сала бәсекеге қабілетті бола алады.
“Қарапайым тері мен жүнді де игере алмай отырмыз. Қайта өңдеу технологияларына инвестиция салсақ, ауылдың тынысы ашылады. Шикізат күйінде сатудан пайда аз”, – дейді Әкпар Мәуленов.
Қорытынды: жүйелі қолдау қажет
Қазақстан ауыл шаруашылығы бір қарағанда алға жылжып жатқандай көрінеді. Алайда тереңірек үңілсек, өнім сапасының төмендігі, логистика мәселесі, қаржының қолжетімсіздігі және қайта өңдеудің дамымауы саланың мүмкіндігін толық іске асыруға кедергі келтіріп отыр.
Мемлекеттің қолдауы маңызды. Бірақ бұл қолдау уақытылы, әділ әрі мақсатты түрде көрсетілмесе, нәтиже болмайды. Қазақстан агросаласын алға жылжыту үшін ендігі қадам – жүйелі реформа мен өңдеуге бет бұру болуға тиіс.



