Сараптама

«Жасырын келісім бар»: Депутаттар қалдық өңдеу жобаларының артында сұр схема жатқанын айтты

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы қалдықтарды энергетикалық утилизациялау жобаларына қатысты алаңдаушылық білдіріп, бірқатар заң бұзушылықтарды атап өтті. Депутат Ерлан Барлыбаевтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар кейбір инвесторлармен тікелей келісімдер жасап, заңда көзделген аукциондық рәсімдерді айналып өтуде. Бұл әрекеттер Экологиялық кодекске және «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау туралы» заңға қайшы келеді, деп жазды qandastar.kz

Заңды айналып өту және «жасыл экономика» артындағы «сұр» схемалар

Фракция өкілдерінің мәлімдеуінше, «жасыл экономика» деген ұранмен белгілі бір компанияларға ерекше жағдай жасалуда. Мәселен:

  • Инвесторларға жер телімдері, қалдық көлемі, тұрақты сатып алу кепілдіктері және жоғары тарифтер ұсынылған;
  • Қалдықтарды өңдеу тарифі 7000 теңге/тонна көлемінде бекітілген, алайда бұл шешім қандай да бір экономикалық негіздемесіз, қоғамдық тыңдаусыз және сараптамасыз қабылданған;
  • Электр энергиясының бағасы 55 теңге/кВтсағ деңгейінде белгіленіп, бұл Экологиялық кодекстің 324-бабының 5-тармағын тікелей бұзады.

Заң мен халықаралық міндеттемелерге қайшы

«Ақ жол» фракциясы бұл тәжірибе бірнеше маңызды құқықтық құжаттарға қайшы екенін атап өтті:

  • Экологиялық кодекс бойынша қалдықтарды утилизациялау жобалары тек аукцион арқылы іріктелген инвесторлармен жүзеге асырылуы тиіс;
  • «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау туралы» заң да осы талапты бекітеді;
  • Сонымен қатар, Қазақстан ратификациялаған Орхусс конвенциясы экологиялық ақпаратқа қолжетімділікті және шешім қабылдауға азаматтардың қатысуын қамтамасыз етуге міндеттейді. Бұл жағдайда аталған құқықтар ескерілмей отыр.

«Ақ жол» фракциясының нақты талаптары

  1. Энергетика министрлігі заң жобасынан тікелей келісімдерге жол беретін нормаларды алып тастауы керек.
  2. Экология министрлігі Экологиялық кодекске ұсынылған түзетулерді қайтарып алуы қажет.
  3. Жергілікті атқарушы органдар заң талаптарына сәйкес келмейтін келісімдерді бұзып, жекелеген шетелдік компаниялардың мүддесін алға тарту тәжірибесін тоқтатуы тиіс.

Депутаттар қалдықтарды өңдейтін зауыттар қалдықты тегін қабылдап, табысын тек өндірілген электр энергиясынан алуы керек деп санайды. Әйтпесе, бұл тәсіл бақылаусыз полигондардың көбеюіне және коммуналдық тарифтердің өсуіне әкелуі мүмкін.

Фракцияның пайымынша, қалдықтарды энергетикалық утилизациялау саласында қалыптасып жатқан жүйе ашықтық пен заңдылық қағидаттарына сай келмейді. Жобалар нақты есепке емес, мүдделі тараптардың қысымына сүйеніп жүзеге асырылуда. Сондықтан бұл бағыттағы заңнамалық өзгерістер қайта қаралуы тиіс.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button