Соңғы жылдары Қазақстанда ішкі көші-қон қарқыны күрт артып, бұл ірі қалалардағы инфрақұрылымға елеулі салмақ түсіріп отыр. Әсіресе, Астана, Алматы және Шымкент қалаларына көшіп келушілер санының артуы – урбанизация процесінің күшеюімен қатар, өңірлік даму теңгерімінің бұзылғанын аңғартады, деп жазды qandastar.kz
Қазақстанда ішкі көші-қон деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында көші-қон көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайыздан астам өскен. Әсіресе Астана, Алматы және Шымкент қалаларына ағылған халық саны едәуір артқан. Бұл үрдіс ірі қалалардағы әлеуметтік инфрақұрылымға үлкен қысым түсіріп отыр. Мектептер мен емханалардағы орын жетіспеушілігі, тұрғын үй мен көлік жүйесіндегі мәселе айқын сезіледі. Сарапшылардың пікірінше, бұл – мемлекет тарапынан жүйелі шешімдер қабылдауды талап ететін маңызды мәселе.
Әлеуметтанушы, «Сандж» зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосованың айтуынша, көші-қон – урбанизацияның көрінісі. Адамдар ірі қалаларға тек жайлы өмір үшін ғана емес, жұмыс, табыс пен дамуға ұмтылып келеді.
«Қазақстанда соңғы онжылдықта қалаларға көшу қарқыны жоғары болды. Урбанизация деңгейі 59 пайыздан асып, 2025 жылы 63 пайызға жетіп отыр. Бұл – қалыпты үрдіс. Алайда адамдар тек Астана, Алматы, Шымкент секілді мегаполистерге көшкенді жөн көреді. Бұл – өңірлерде жұмыс орындары мен мүмкіндіктердің жетіспеушілігінен», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, көші-қонды шектеудің орнына, оны басқарудың заманауи тәсілдері қажет. Өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашу – ел дамуы үшін стратегиялық маңызға ие.
«Бұрын «Еңбек» бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстікке көшіру бастамасы болды. Бірақ солтүстік өңірлерде тұрақты табыс көзі болмағандықтан, көптеген адамдар қайта көшіп кетті. Демек, тек көшіру емес, барған жерінде өмір сүруге жағдай жасау керек», – дейді Жандосова.
Қалалардағы тығыздық тек тұрғын үймен емес, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның жетіспеушілігімен де күрделене түсуде. «Urban Forum Kazakhstan» қоғамдық қорының директоры Әділ Нұрмақов бұл мәселеде урбанистикалық тәсілдердің маңызды екенін атап өтті.
«Жаңа аудандарды тек тұрғын үймен толтыру – үлкен қателік. Қаланың кез келген бөлігінде мектеп, емхана, жұмыс орындары, қоғамдық көлік пен демалыс аймақтары қатар дамуы тиіс. Бұл – құрылыспен қатар жүретін процесс. Әйтпесе, әлеуметтік теңсіздік тереңдей береді», – дейді урбанист.
Нұрмақовтың пікірінше, ішкі көші-қонды тоқтатуға тырысу тиімсіз. Оның орнына қалалар мен жаңа аймақтарды көші-қон ағынына бейімдеген дұрыс.
Ал саясаттанушы Әсем Қайдарова ішкі көші-қонды өңірлік даму саясаты арқылы теңестіру керек деп санайды.
«Егер өңірлерде инфрақұрылым, мәдениет, жұмыс орындары мен тұрғын үй қатар дамыса, халықтың жаппай қалаға көшуіне себеп қалмайды. Түркістанда соңғы жылдары жүргізілген жүйелі саясаттың нәтижесінде көші-қон қысымы азайды. Мұндай тәсілді басқа аймақтарға да қолдану қажет», – дейді саясаттанушы.
Ал Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов урбанизация мен ауылдардың босап қалуы арасында тепе-теңдік болуы керектігін алға тартады.
«Соңғы 20 жылда мыңнан аса ауыл жойылды. Бұл үрдіс жалғаса берсе, тарихи, мәдени құндылықтарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Ауылдарда жастарды ұстап қалу үшін тұрғын үй, салықтық жеңілдіктер, арнайы экономикалық режимдер қажет. «Дипломмен ауылға» бағдарламасын да күшейткен жөн», – дейді депутат.
Саурықов көші-қонды басқару үшін ұлттық деңгейде арнайы бағдарлама қабылдау қажет екенін айтты.
«Аймақтарда кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға қаладағыдан артық жағдай жасау керек. Инфрақұрылымсыз даму болмайды. Жол, су, интернет, электр желісі – бәрі бірге қаралуы тиіс», – деп түйіндеді ол.



