Жаңалықтар

Астанада “Қазақстан Барысы – 2025” турнирінің жеңімпазы анықталды

18 қазан күні елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінің басты додасы — XIV республикалық “Qazaqstan Barysy – 2025” турнирі өз мәресіне жетті. Бұл күн ұлттық рухты, ерлік пен намысты ұлықтаған ерекше мереке ретінде есте қалды, деп хабарлайды  qandastar.kz

Биылғы жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 43 үздік балуан қатысып, боз кілемде бақ сынады. Олардың қатарында 17 облыстың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының мықтылары, сондай-ақ былтырғы чемпион Ерасыл Қажыбаев пен “Әскер Барысы” турнирінің жеңімпаздары бар.

Қазақ күресінде “Найман” лақап атымен танылған Марат Байкамуров (106 келі) биылғы “Қазақстан Барысы – 2025” турнирінің бас жүлдесін жеңіп алып, алтын белбеу, “Тайтұяқ” мүсіні және 15 миллион теңге иегері атанды.

Жеңістен кейін балуан толқыған сезімін жасыра алмады:
“Бұл жеңісімді әкеме арнаймын! Кішкентайымнан ‘осы тұғырға шықсаң екен’ деп тілейтін. Үшінші рет қатысып отырмын, екі рет жолым болмады. Биыл, міне, алтын Тайтұяқ бұйырды. Маған сеніп, қолдау көрсеткен барша жанға алғыс айтамын”, – деді ол.

Күміс белбеу мен 3,3 миллион теңге көлеміндегі жүлде 151 келі салмақтағы былтырғы чемпион Ерасыл Қажыбаевқа (“Қажыбай”) табыс етілсе, қола белбеу мен 1,08 миллион теңге Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғаповқа (“Қара бура”) бұйырды.

Айта кетейік, биылғы дода Республика күні қарсаңында өтіп, ел рухын көтерген айтулы оқиға болды. Мыңдаған көрермен жарысты тікелей залдан тамашаласа, миллиондаған жанкүйер “QazSport” арнасы мен Kinopoisk платформасы арқылы эфирден бақылады.

Турнирдің бас серіктестері — “Sport Qory” спортты қолдау қоры және “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button