Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Зерттеу: Қазақстандық әйелдер неге шаршайды?

Қазақстанда жұмыс істейтін аналарға деген көзқарас бірізді емес. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнама қоғамда бұл тақырыпқа қатысты көзқарастардың әлі де екіге жарылатынын көрсетті. Бір бөлігі әйелдің жұмыс істеуі бала тәрбиесіне кері әсер етеді деп санаса, көпшілігі бұған келіспейді, деп жазды qandastar.kz

Қазақстан қоғамында әйелдердің әрі жұмыс істеп, әрі үй шаруасымен айналысуы бұрыннан қалыпты жағдай саналып келген. Әлеуметтану ғылымында бұл құбылыс «қосарлы жүктеме» деп аталады, яғни әйел адам үйдегі міндеттерді де, сырттағы қызметті де қатар алып жүреді. Дегенмен, ананың жұмысы баланың тәрбиесіне зиян ба деген сұрақ қоғамда әлі де пікірталас тудырып отыр.

Қоғам пікірі қандай?

Сауалнама нәтижесінде қатысушылардың 37,9%-ы ана жұмыс істесе, бұл балаға кері әсерін тигізеді деп есептейді. Мұндай ұстанымдар көбіне патриархалды дүниетаныммен байланысты – онда әйелдің негізгі рөлі отбасы мен ошақ қасымен шектеледі. Алайда, көпшілік (59,4%) бұл пікірмен келіспейді. Бұл қазіргі қоғамда гендерлік теңдікке деген сұраныстың артып келе жатқанын байқатады.

Қызығы, қала мен ауыл тұрғындарының немесе ерлер мен әйелдердің арасында бұл мәселеге қатысты айтарлықтай айырмашылық жоқ. Дегенмен, дәстүрлі көзқарасты ұстанатындар арасында ер адамдардың үлесі сәл жоғары.

Қандай факторлар әсер етеді?

Зерттеу барысында респонденттердің көзқарасына әсер ететін негізгі екі фактор анықталған – білім деңгейі мен жас ерекшелігі. Білім деңгейі өскен сайын дәстүрлі көзқарасты ұстанатындар саны азая түседі. Орта немесе арнаулы білімі бар азаматтардың 42,2%-ы ана жұмыс істемеуі керек десе, жоғары білімділер арасында бұл пікірмен келісетіндер – 33,7%.

Жас айырмашылығына келсек, 18–29 жас аралығындағы жастардың үштен бірі (32%) ғана ананың жұмыс істеуі балаға зиян деп санайды. Ал 60 жастан асқандар арасында бұл пікірмен келісетіндер саны – 47,5%. Бұл аға буынның дәстүрлі құндылықтарға жақын екенін, ал жастар жаңа өмір салтын қалыпты жағдай ретінде қабылдайтынын көрсетеді.

Не істеу керек?

Сарапшылардың айтуынша, әйелдердің жүктемесін жеңілдету үшін қоғамда нақты өзгерістер қажет. Ең алдымен, балабақша мен мектептегі ұзартылған топтардың санын көбейту, икемді жұмыс кестесін енгізу, сондай-ақ отбасындағы әкенің жауапкершілігін арттыру – маңызды қадамдар саналады.

Егер үй мен жұмыстағы міндеттер әділ бөлінсе, әйелдердің күнделікті күйзелісі азайып, қоғамда тең серіктестік орнайды, дейді мамандар.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button