Жаңалықтар

Париждегі Лувр мұражайы тоналды

Париждегі әлемге әйгілі Лувр мұражайында бұрын-соңды болмаған ұрлық орын алды. Бұл туралы qandastar.kz Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды. Оқиға барысында ешкім зардап шеккен жоқ.

Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыскерлер мұражай аумағына скутермен келген. Олар сыртқы жүк лифті арқылы жоғары көтеріліп, терезелерді сындырып кірген. Ұрылардың басты нысаны — Наполеон мен Жозефина патшайымға тиесілі асыл тастар болған. Олар бағалы бұйымдарды алып, оқиға орнынан із суытқан.

Le Parisien басылымының хабарлауынша, барлығы тоғыз зергерлік бұйым ұрланған. Олардың екеуі, соның ішінде Жозефинаның тәжi кейін табылған. Алайда әлемге әйгілі 140 караттан асатын “Регент” және “Санси” алмастары орнында қалған.

Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес бұл қылмысты «жоғары деңгейде дайындалған әрі кәсіби әрекет» деп бағалап, ұрлық небәрі жеті минут ішінде жасалғанын айтты. Министр ұрланған бұйымдарды елдің мәдениеті мен тарихының «баға жетпес мұрасы» деп атады.

Лувр әкімшілігі мұражайдың бір күнге жабылатынын мәлімдеді. Қазір оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Оңшыл саясаткер Жордан Барделла бұл оқиғаны “ұлт үшін төзгісіз масқара” деп атап, әлеуметтік желідегі парақшасында наразылық білдірді.

“Лувр — біздің мәдениетіміздің бір бөлігі және бүкіл әлемге әйгілі символ. Француз тәжінің зергерлік бұйымдарының ұрлануы – бұл еліміз үшін ауыр соққы. Мемлекеттің әлсіреуі қай шекке дейін барады?”, — деп жазды ол X (бұрынғы Twitter) желісінде.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button