Жаңалықтар

БҚО-да оқушылап ТикТок үшін жанжалдасып, соңы пышақ жұмсаумен аяқталды

Батыс Қазақстан облысында жасөспірімдер арасындағы кикілжің ауыр оқиғаға әкеп соқты. Подстепное ауылындағы мектептердің бірінде екі оқушы арасында жанжал туындап, соңы пышақ жұмсаумен аяқталды, деп жазды qandastar.kz

Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, жанжал дәретхана маңында болған. 9-сынып оқушысы өзінен жоғары сыныпта оқитын оқушымен сөзге келіп, жанжал барысында пышақ қолданған. Зардап шеккен жасөспірім жедел жәрдем шақыртқанша өздігінен жүріп, кейін ауруханаға жеткізілді. Қазір оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жанжалдың бастамасы өткен аптадағы мектеп ішіндегі күзгі бал кезінде пайда болған. Оқушылардың арасында TikTok әлеуметтік желісіндегі лайктарға байланысты дау туған көрінеді. Осы мәселе бойынша олар дүйсенбі күні қайта кездесіп, жанжалды шешпек болған. Өкінішке қарай, бұл қайғылы жағдайға әкеп соқты.

Күдікті ретінде 9-сынып оқушысы ұсталып, қазіргі таңда полиция бөлімінде. Теректі аудандық полиция басқармасы оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмағандардың ата-аналары да жауапкершілікке тартылады. Іс материалдары аудандық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды. Онда мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша қосымша шаралар қабылданады.

Оқиғаға байланысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова пікір білдірді. Ол жарақат алған оқушыға медициналық көмек көрсетілгенін, жағдайының тұрақты екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар мектепте ата-аналар мен оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, барлық тарапқа психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Мектеп әкімшілігіне тәрбие жұмыстарын күшейту тапсырылды.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button