Өткен айда Президенттың АҚШ-қа сапары кезінде Қазақстан үкіметі мен Amazon компаниясы арасында келісім орнаған болатын. Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиевтің айтуынша, Қазақстанда Amazon Kuiper спутниктік интернетін іске қосу жұмыстары 2026 жылы басталып, 2027 жылдың соңына дейін қолжетімді боламақ, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Жоба іске қосылғаннан кейін интернет Қазақстанның барлық аумағын қамтиды. Ал қызмет бағасы әзірге белгісіз, инвестиция көлеміне және Amazon компаниясының баға саясатына байланысты анықталады.
«Негізгі серіктесіміз – «Казахтелеком». Олар бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізіп жатыр. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетеміз. 2026 жылы пилоттық жоба іске қосылды, 2027 жылдың соңына дейін жоба іске қосылады», – деді Досжан Мұсалиев.
«Қазақтелеком» әкімшілік директоры Ержан Мейрамовтың айтуынша, Amazon Kuiper —жерге жақын орбитадағы спутниктер жүйесі. Бұл Starlink сияқты төмен орбиталық байланыс жүйесін қолданады.
«Amazon Kuiper Қазақстан заңнамасына сәйкес жергілікті инфрақұрылымға инвестиция салады. Яғни ел аумағында арнайы жер үсті станцияларын (POP) салу қажет болады. Бұл байланыс және ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Осы бағытта халықаралық оператор тарапынан тиісті инвестициялар жоспарланып отыр», – деді Мейрамов.
Қазіргі таңда «Казахтелеком» – Amazon Kuiper жобасының ресми коммерциялық дистрибьюторы.
Ал Халықаралық қаржы орталығы «Астана» (МФЦА) базасында Amazon Kuiper Kazakhstan Limited компаниясы тіркелген. Оның жарғылық капиталы 480 млн теңгені құрайды.



