Жаңалықтар

Экс-депутатқа іздеу жарияланды: Шымкент тұрғыны қоқан-лоққы мен балағаттауға шағымданды

Шымкент қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қуаныш Дәулетәлиевке қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр, деп хабарлады qandastar.kz. Ол азаматты қорлау және ар-намысына тию дерегі бойынша айыпталған.

Жәбірленуші Ескендір Жамбаевтың айтуынша, экс-депутат оны балағаттап, қорқытып, ауыр сөздер айтқан. Оның сөзінше, бұрын Дәулетәлиевтің екі баласы алаяқтық ісі бойынша сотталған, сол жағдайдан кейін экс-депутат өзін жеке мақсатпен қорқыта бастаған.

«Мен оның әрекеттеріне байланысты шағым түсіргенмін. Кейін кек сақтап, мені балағаттап, қорқытып, ар-намысыма тиетін сөздер айтты», – дейді жәбірленуші.

Сот процесі жабық режимде өтуде. Айыпталушы бірнеше рет отырысқа қатыспағандықтан, судья оны мәжбүрлі түрде жеткізу туралы шешім қабылдаған. Алайда полиция оны сотқа алып келе алмады.

2 қыркүйектен бері Қуаныш Дәулетәлиевке іздеу жарияланған. Іздеу шараларын прокуратура мен полиция бақылауға алған.

Белгілі болғандай, Қуаныш Дәулетәлиев бұған дейін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып, «Ауыл» партиясының фракциясын басқарған. Заңгер мамандығы бар, соңғы жиырма жылдан астам уақыт бойы жеке кәсіпкерлікпен айналысып келген.

Қазір сот ісі жалғасуда. Үкім әлі шыққан жоқ.

Back to top button