ЖаңалықтарҚаржы және төлемдер

Қошанов: Ұлттық қорға тиіспей, жаңа бюджет жасақтадық

Мәжіліс төрағасы және «AMANAT» партиясының басшысы Ерлан Қошанов депутаттардың қабылдаған үш жылдық республикалық бюджеттің ерекшеліктеріне тоқталды, деп хабарлайды qandastar.kz

Қошановтың сөзінше, бюджеттің жобасы жан-жақты қаралып, әрбір парламенттік фракция өз пікірін білдірген. Көптеген сын-ескертулер мен ұсыныстар айтылып, үкімет оларды міндетті түрде ескеруі керек екені атап өтілді. Себебі бұл құжатқа негізделе отырып, еліміздің дамуы жүзеге асады.

«Бұл – ұлттық қордан қаражат бөлінбей жасалған алғашқы бюджет. Ол мемлекеттік жоспарлау мен фискалдық саясаттағы реформалар негізінде әзірленді», – деді Мәжіліс төрағасы.

Оның айтуынша, мұндай қаржылық жүйеге көшу Мемлекет басшысының қаржы саласын жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын кезең-кезеңімен жүзеге асыру нәтижесінде мүмкін болды.

Сонымен қатар, Қошанов бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы сақталатынын, халықты қолдаудың басты мақсат болып қалатынын жеткізді. Мектептер, ауруханалар, мәдениет пен спорт нысандарына қаржы бөлініп, экономика мен өңірлердегі инвестициялық жобаларға қолдау көрсетілетін болады. Әсіресе «Бәйтерек» холдингі арқылы қайтарымды қаржыландырудың өсуі экономиканың тұрақты дамуына және жұмыспен қамтудың артуына ықпал етеді. Бұл бастамалар депутаттар тарапынан кең қолдау тапқан.

Дегенмен, ол өңірлерді қаржыландыру мәселесіне де назар аударды. Жергілікті деңгейге салық түсімдерінің бір бөлігін беру заңнамалық бекітілгені оң нәтижесін беруде. Қазіргі уақытта көптеген облыстарда кірістер жоспары асыра орындалуда, бұл жергілікті бюджеттердің тұрақтылығы мен дербестігін арттырған. Алайда, қосымша қаражатты имидждік жобаларға емес, бастап кеткен әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағыттау маңызды екені айтылды. Үкімет пен депутаттар осы процесті мұқият бақылап отырады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button