Әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысында дронның апатқа ұшыраған сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды qandastar.kz
Куәгерлердің айтуынша, оқиға Бөрлі ауданына қарасты Ақсай қаласының маңындағы Қызылтал ауылының төңірегінде болған. Дрон құлаған кезде жарылыс болып, жақын маңдағы үйлердің дірілдегені сезілген.
БҚО полиция департаменті уәкілетті органдармен бірлесіп, ұшқышсыз ұшатын құрылғының сынықтарына ұқсас зат табылуына байланысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Нысан тұрғын үйлерден алыс жерде анықталды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады ведомство.
Қорғаныс министрлігі де Бөрлі ауданында шығу тегі белгісіз дронның жарылғанын растады.
«Аппарат елді мекендерден тыс жерде табылды. Зардап шеккендер мен материалдық шығын жоқ. Бұл дрондар тиесілі болуы мүмкін шетелдік серіктестермен консультациялар жүргізілуде», – делінген министрліктің хабарламасында.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, еліміздің әуе кеңістігіне бақылау күшейтіліп, шекараны рұқсатсыз бұзуға жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылданған.
Айта кетейік, бұл – Батыс Қазақстан облысында тіркеліп отырған белгісіз дрон құлауының үшінші жағдайы.



