Баян Мақсатқызы The Voice of Kazakhstan жобасында айтқан пікірімен жұрт талқысына түсті, деп жазады qandastar.kz
Танымал продюсер Баян Мақсатқызы The Voice of Kazakhstan жобасында жас әнші Тұрарға айтқан ескертпесімен әлеуметтік желі қолданушыларының назарын өзіне аударды.
Бағдарлама барысында ол қатысушының дикциясын жоғары бағалай отырып, қазіргі эстрадада кең тараған ән айту мәнерін сынға алды.
«Дикцияң таза, сөзің анық. Қазір мұрын астынан сөйлеп, не айтып жатқанын өздері де түсінбейтіндер көбейді. Біз сияқты ескі буын үшін бұл өте маңызды нәрсе», – деді Баян Мақсатқызы.
Оның бұл сөзі кезінде жас орындаушының аздап ыңғайсызданып қалғаны байқалды. Ал желі қолданушылары продюсердің пікірін түрліше қабылдады. Көпшілігі Баянның сөзін сын ретінде емес, қатысушыны кемсітуге жақын деп бағалап, керісінше продюсердің өзін сынады.
«Кешьюдің “мінсіз дикциясымен” бірде-бір әнін білмеймін»,
«Баян мен Бағымның әдеті ғой – біреуді сынау»,
«Өзі өлең айтып жүргендей сөйлейді», –
деген секілді пікірлер жазылды.
Кейбір қолданушылар, керісінше, продюсердің айтқан пікірі орынды екенін айтып, эстрададағы «түсініксіз ән айту» дәстүріне назар аудартқаны үшін қолдаған.



