Қазақстан маңызды минералдардың (литий, кобальт, никель, уран, мыс, сирек және сирек жер элементтері) әлемдік жеткізушісі ретінде өз позициясын күшейтуге барлық мүмкіндікке ие. Бұл туралы «Қазақстан минералдар саласындағы инвестициялық хаб: әлеуетті Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) арқылы ашу» жайлы есепте айтылған, деп жазады qandastar.kz
Маңызды минералдарға жаһандық сұраныс артып келеді
Есеп авторларының мәліметінше, әлемдік экономикадағы «жасыл» энергетикаға көшу процесі мен технологиялық өндірістің өсуі маңызды минералдарға сұранысты бірнеше есе арттырады.
2050 жылға дейін жаһандық тау-кен саласына кемінде 2,1 трлн АҚШ доллары көлемінде инвестиция қажет болады. Бұл қаражат энергетикалық өтпел кезеңді қамтамасыз етуге және шикізат жеткізілімін әртараптандыруға бағытталады.
Мысалы, литийге сұраныс 2040 жылға қарай 42 есеге дейін өсуі мүмкін (Халықаралық энергетикалық агенттік дерегі).
Қазақстанның әлеуеті: ураннан алтынға дейін
2024 жылы тау-кен өнеркәсібі Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 12%-ын (16,1 трлн теңге) және экспорттың үштен бірін қамтамасыз етті. Салаға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 3 млрд долларға жетіп, соңғы бес жылда екі есеге артқан.
Уран. Қазақстан – әлемдегі уран өндірісінің 40%-ын қамтамасыз ететін жетекші ел. Елдің уран қоры әлемдік қордың 14%-ына тең. 2024 жылы экспорт көлемі шамамен 28 мың тонна болды, негізгі нарықтар – Ресей мен Қытай.
Мыс. Қазақстан әлемдік мыс өндірушілердің алғашқы ондығына кіреді. Соңғы төрт жылда мыс өндіру көлемі 30%-ға өсіп, 2024 жылы шамамен 740 мың тоннаға жетті.
Цинк, күміс, алтын және алюминий өндірісі де тұрақты өсім көрсетуде.
Мысалы, күміс өндіру көлемі соңғы төрт жылда екі есеге артып, әлемдік нарықтағы үлес 4%-ға жеткен.
Ерекше металдар. Қазақстанда бұл бағыт стратегиялық маңызға ие. 2024-2028 жылдарға арналған кешенді даму жоспары аясында 2,4 млрд теңге геологиялық барлау мен ғылыми зерттеулерге бағытталмақ.
Минералдық инвестициялар үшін негізгі платформа
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстанды минералдық шикізат саласында халықаралық инвестициялық хаб ретінде дамытуда маңызды рөл атқарады.
АХҚО бизнеске:
- тәуелсіз құқықтық жүйе (АХҚО соты мен халықаралық арбитраж),
- капитал нарығына қол жеткізу (Astana International Exchange – AIX биржасы),
- салықтық және валюталық жеңілдіктер,
- “бір терезе” қағидаты бойынша қызмет көрсететін экспат-орталық секілді артықшылықтар ұсынады.
- Қандай ұсыныстар бар?
Қазақстанның минералдық әлеуетін толық ашу үшін сарапшылар бірнеше бағытты ұсынады:
- Маңызды минералдар жөнінде бірыңғай ұлттық стратегия әзірлеу – Канада мен Чили үлгісінде барлау, қайта өңдеу және экспортты біріктіретін жүйе құру.
- Геологиялық барлауға ынталандыру шараларын күшейту, лицензиялау рәсімдерін жеңілдету.
- Ішкі қайта өңдеу мен қосылған құн тізбегін дамыту – шикізатты экспорттау емес, оны ел ішінде өңдеу.
- ESG (экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық стандарттар) қағидаттарын барлау кезеңінен бастап енгізу.
- АХҚО арқылы капитал нарығын кеңейту, әсіресе junior-компанияларға инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау.
- Халықаралық серіктестік пен бренд қалыптастыру – Канада, Австралия және АҚШ-пен бірлескен жобаларды кеңейту.
Қазақстан минералдық ресурстар қоры, саяси тұрақтылық және қолайлы географиялық орналасуы арқасында маңызды минералдар нарығында жетекші жеткізушілердің бірі болуға әлеуетті.
АХҚО-ның қолдауы мен инвесторларға бағытталған ашық саясат елімізге шетелдік капиталды көбірек тартуға, сондай-ақ “жасыл экономика” кезеңінде тұрақты даму бағытын сақтауға мүмкіндік береді.



