Ауғанстанда өмір сүріп жатқан қазақтардың ауыр тағдыры мен Атамекенге оралғысы келеді, деп жазды qandastar.kz
2025 жылдың 9 қыркүйегінде Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қарулы қақтығыс басталды. Қанды шайқас жақында тоқтағанымен, аймақ тұрақтылықтан әлі де алыс. Сол себепті Ауғанстандағы қазақтар өздерінің және балаларының өміріне алаңдап, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресми хат жолдады.
«Біз — көне қыпшақ тілінде сөйлейтін қазақтармыз»
Ауғанстан қазақ мәдени орталығының төрағасы Қажы Асат Оймауыттың айтуынша, бүгінде елде шамамен 200-300 қазақ отбасы бар. Олардың ата-бабасы Қасым хан мен Тәуке хан дәуірінде қоныс аударған қыпшақ, қаңлы, алшын, қоңырат тайпаларынан тарайды. Кейінгі толқын ХХ ғасырдың 1920–1930 жылдары келген найман, керей, сарқасқа руларынан құралған.
«Біз көне қыпшақ тілінде сөйлейміз. Бірақ ел заңдары бойынша жеке куәлігімізде “ауған” деп жазылады. Соған қарамастан, өз тіліміз бен дәстүрімізді сақтауға тырысамыз», — дейді Оймауыт.
Қазақ мектебі жоқ, тұрмыс ауыр
Оның айтуынша, елдегі экономикалық жағдай өте күрделі. Әйелдердің білім алуы шектеулі, жұмыссыздық деңгейі жоғары.
«Ауғанстанда қазақ тілінде білім беретін мектептер жоқ, мұғалімдер мен оқулықтар жетіспейді. Дәрігер, дәріхана тапшы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз Мазар-и-Шариф қаласында Ауғанстан қазақ мәдени орталығын құрдық. Онда қазақтың тілі мен салтын дәріптеп, Наурыз мерекесін атап өтеміз, мұқтаждарға көмек көрсетеміз», — дейді ол.
«Бейбіт өмірді қалаймыз»
Асат Оймауыт қандастардың саясаттан да, дін экстремизмінен де алыс екенін атап өтті.
«Біздің негізгі кәсібіміз — мал шаруашылығы мен диқаншылық. Қыздарымыз кілем тоқып, кесте тігеді. Жастарымыз ағылшын, парсы, пушту, араб тілдерін меңгеріп жүр. Біз бейбіт өмірді қалайтын, отанына адал қазақтармыз».
«Президент мырза, бізге көмек керек!»
Ауғанстандағы қазақтар қақтығыстардың өршуінен шошып, енді Қазақстанға көшуге дайын екенін мәлімдеді.
«Күн сайын бейбіт тұрғындар қаза табуда. Бұл жағдай бізге де үлкен қауіп төндіріп отыр. Сол себепті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан және Үкіметтен бізді тарихи отанымызға көшіруді сұраймыз. Біз түгелдей Қазақстанның солтүстік өңірлеріне қоныстануға әзірміз» делінген хатта.
«Ант етеміз: елге адал қызмет етеміз»
Олар Атамекенге оралған соң елдің дамуына үлес қосуға уәде берді.
«Отанымыздың әр тамшы суын қадірлейміз. Мал шаруашылығын, егіншілікті дамытып, білім мен ғылымға ұмтыламыз. Конституцияны құрметтеп, ел игілігі үшін еңбек етуге ант етеміз», деп жазылған үндеуде.
Бір жыл бұрын,2024 жылы, Orda.kz Ауғанстан қазақтарының тағдыры туралы алғаш рет жазған еді. Ал 2025 жылы бұл мәселе бұрынғыдан да өзекті болып отыр.



