Жаңалықтар

«Қазақстан ОДКБ-ға толықтай тәуелді мемлекетке айналды» — Жанат Момынқұлов

«QASQA JOL» YouTube бағдарламасының кезекті қонағы, шығыстанушы әрі халықаралық қатынастар саласының маманы Жанат Момынқұлов Қазақстан мен әлем елдері арасындағы геосаяси жағдайға қатысты өз пікірін ашық айтты, деп хабарлайды qandastar.kz

Сарапшының айтуынша, бүгінде Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты ОДКБ ұйымының ықпалына қатты тәуелді болып барады.

«Қазір ел ішіндегі саяси дағдарысқа да ОДКБ араласатын деңгейге жеттік. Мысалы, Әзірбайжан өз мүддесін қорғауда Түркияның қолдауына сүйеніп отыр. Сондықтан Ресейге қарсы ашық сөйлей алады. Ал біз, Орталық Азия елдері ше? Менің ойымша, тепе-теңдікті сақтау үшін аймақ ішінде үштік форматтағы ынтымақтастық одақтар құруымыз керек. Бұл біреуге қарсы бағытталған бастама емес, тек ақпарат алмасу, пікір алмасу, ықпалдасу алаңы болуы тиіс. Егер мұны да іске асыра алмасақ, «біз қай деңгейдеміз?» деген орынды сұрақ туындайды», — деді Момынқұлов.

Маман сонымен қатар қазақ тілді сараптамалық ортаны дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Мысалы, Өзбекстанда барлық талқылау, сараптама  бір тілде, өзбек тілінде жүргізіледі. Оларда геосаяси мектеп қалыптасып келеді. Осы қарқынмен кете берсе, алдағы 10 жылда біз өзбектердің сараптамасын тыңдап отырамыз. Ал бізде әлі де орыс тілі басым. Бұл – Ресей ықпалының айқын көрінісі. Қазақ тілді орта неге дамымай жатыр? Себебі оны дамытуға ниет жоқ сияқты. Интеллектуалды қауымның көбі орысша сөйлейді, заңдар да орыс тілінде жазылады. Бұл — отарлық сананың сарқыншағы. Яғни, біз әлі де тілімізбен де, ойымызбен де толық азат емеспіз», — деп түйіндеді сарапшы.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button