Жаңалықтар

Белсенді ұстаз кей мұғалімдердің сорақы әрекеттерін әшкереледі

Белгілі ұстаз және қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы білім беру жүйесіндегі кей педагогтардың әдепке сай емес әрекеттері туралы айтып, министрліктен бұл мәселеге назар аударуды сұрады, деп жазады Qandastar.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында министр Жұлдыз Сүлейменоваға арнаған жазбасында мұғалім беделі мен мектептегі тәртіп жайлы өткір пікір білдірді.

«Қазақстандық орта статистикалық мұғалімнің сиқы осындай. Сізге өте ауыр болады, Жұлдыз Сүлейменова ханым. Осындай контингентпен жұмыс істейсіз. Бұл бер жағы ғана…» — деп жазды ұстаз.

Өмір Шыныбекұлы өз жазбасында мектеп басшылары мен мұғалімдердің орынсыз әрекеттерін мысалға келтірді.

«Мектебін гаремге айналдырған ер директорларды көрдім.

Заврайондардың қонағын “күтіп” жүріп меңгеруші атанған тәрбиешілерді көрдім.

Мерез ауруын жұқтырған мұғалім келіншектер мен оқушысына қол салған ер мұғалімдер туралы өзіңіз де желіден оқыған шығарсыз.

Мемлекет қалтасы мен өз қалтасын шатастыратын заврайондар бір төбе…» — деді ол.

Белсенді ұстаз мұндай жағдайлардың білім саласының беделіне кері әсерін тигізіп отырғанын айтып, министрге «Құдай қуат берсін» деген тілегін білдірді.

Сондай-ақ ол жазбасында Нұргүл Қалиеваға Серік Марксұлы есімді мұғалімнің қай мектепте қызмет ететінін анықтауды өтінді.

Педагогтың бұл жазбасы әлеуметтік желіде кең талқыланып, қоғамда қызу пікір туғызды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button