Мәдениет

Қыдырәлі Болманов: “Ұлытау” тобының еңбегі бағаланбай отыр

Белгілі продюсер Қыдырәлі Болманов «Ұлытау» тобының мемлекеттік марапатқа ие болмағанын сынап, ашуланды, деп хабарлады qandastar.kz

Ол заманауи бағытта ұлттық музыканы дамытып, домбыра арқылы қазақ рухын әлемге паш еткен ұжымға елімізде лайықты баға берілмей отырғанына қоғамның назарын аудартқысы келетінін айтты.

«Ұлытау» тобы 7 жыл бұрын Домбыра күнінің, ал 3 жыл бұрын Ұлытау облысының құрылуына идеялық қолдау көрсеткен рухани феномендердің бірі болып саналады. Топтың шығармашылығы ұлттық дәстүр мен заманауи музыка синтезінен құралған және әлем сахнасында қазақ күй өнерін танытқан алғашқы этно-рок жобасы болып табылады. Музыканттар Құрманғазының “Адай” күйін Моцарттың симфонияларымен үйлестіріп, ұлттық аспаптың мүмкіндіктерін әлем алдында дәлелдеді. Топ халықаралық деңгейде екі Гран-при жеңіп, қазақ өнерін жаңа белеске көтерді.

Дегенмен, Қазақстан тарапынан олар ешқандай марапат немесе ресми құрметке ие болмаған. Қызығы, топ 15 жыл бұрын Ингушетия Республикасының халық әртісі атағын алған. Музыка сүйер қауым мен мәдениет саласы өкілдері бұл жағдайды әділетсіздік деп санайды.

Болманов «Неліктен өз еліміз мойындамайды? Неліктен ұлттық музыканы әлемге танытқан ұжымның еңбегі бағаланбай отыр?» деп сұрақ қойып, топтың шығармашылығының ұлттық өнердің деңгейін көтеруге, сондай-ақ қазақ мәдениетінің әлемдік беделін арттыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button